$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысында балаларға қол жұмсаған тәрбиеші жауапқа тартылды

Тәрбиешінің әрекеті видеоға түсіп қалған

Павлодар облысында балаларға қол жұмсаған тәрбиеші жауапқа тартылды
Фото: © freepik.com

Ақсуда балабақша тәрбиешісінің балаларға дөрекі қарым-қатынасы видеоға түсіп қалған. Жағдайға байланысты тәрбиеші мен балабақша меңгерушісі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Тәрбиешінің әрекеті видеоға түсіп қалды

Ақсудағы ясли-бақшада тәрбиешінің балаларды итеріп, біреуіне қол жұмсаған сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тарады. Бұл оқиға наурыз айының соңында болған.

Видео авторларының айтуынша, оқиға мекеменің серуен алаңында болған. Онда әйел адам бірнеше баланы итеріп, біреуіне шапалақпен ұрғаны анық көрінеді.

Балалар қауіпсіздігіне жауапсыздық танытқан

Жағдай қоғамда резонанс туғызып, ата-аналар наразылығынтудырған. Мәселені қалалық білім бөлімі бақылауына алған.

«Бұл оқиға педагогикалық этика бойынша арнайы отырыста қаралды. Тәрбиешіден түсініктеме алынып, балабақша басшысының бұйрығымен ол теріс себептер бойынша жұмыстан босатылды»,– деп хабарлады білім бөлімінің өкілдері.

Меңгеруші де тәртіптік жаза алды

Тек тәрбиеші ғана емес, балабақша меңгерушісі де қызметтік жауапкершілікке тартылды. Бөлім мәліметінше, ол балалардың қауіпсіздігін бақылауда жіберген олқылықтар үшінескерту түріндегі тәртіптік жаза алған.

Контекст

Жалпы, Қазақстанда балабақша тәрбиешілерінің мұндай әрекеттері туралы ақпарат жиі шығып тұрады. Мысалы, Шымкенттегі «Ай көркем» жекеменшік балабақшасының қызметкері сәбиді сабап тастаған. Ол 3 жасқа толмаған баланың бетінен 2 сағат бойы ұрған, қорлап, еденге жатқызып сүйреген. Сонымен қатар ақтаулық ата-ана үш жасар баласының балабақшада зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Ал Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Раяна» балабақшасында кішкентай қыздың денесін өзімен қатарлас 1 жарым жасар бала 25 жерінен қыршып тістеп тастаған. Сәбидің денесінің сау-тамтығы қалмаған. Сондай-ақ Қызылордада балабақша тәрбиешісі аутизмге шалдыққан ұлды ұрып-соғып, тамақ бермей қинаған.

Сондай-ақ Жезқазған қаласында үш жасар сәбиді соққыға жыққан балабақша тәрбиешісі сотты болды. Ұлытау облысында балабақша тәбиешісі бүлдіршінді ұрып-соққанын видео болғанына қарамастан мойындамай қойған. Оған қатысты сот үкімі жарияланды. Ал Алматыда бүлдіршінді тұншықтырып, өлтіріп қоя жаздаған жекеменшік балабақша мүлдем тіркелмеген болып шықты. Бұл балабақшаға келген бүлдіршінді тәрбиешінің қайта-қайта тұншықтырып, қинағаны туралы видео жарияланған еді.

Серіктес жаңалықтары