TikTok эфирінде балағат сөз айтқан 18 жастағы астаналық 10 тәулікке қамалды

Полиция әлеуметтік желідегі тікелей эфирді бақылау кезінде заң бұзушылықты анықтаған

TikTok эфирінде балағат сөз айтқан 18 жастағы астаналық 10 тәулікке қамалды
видеодан скринастан

Астана полициясы әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтауды жалғастырып жатыр. Бұл жолы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін елорда тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында жас жігіттің TikTok платформасындағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтаған.

Онлайн трансляция кезінде 18 жастағы Жанарыс Жұмабай көпшілік алдында әдепсіз сөздер айтып, жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзған.

«Полиция әлеуметтік желілер мен тікелей эфирлер заң талаптары қолданылмайтын кеңістік емес екенін тағы да еске салады. Мұндай әрекеттер үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған», – деп мәлімдеді полиция.

Осы дерек бойынша жас жігіт ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.