Немересін танымайды, қазір ішкен тамағын қазір ұмытады: Астанада деменция белгілері бар қарттарға арналған балабақша ашылды
Қазір күн сайын төрт қария таңғы 09.00-дан кешкі 18.00-ге дейін осы орталықта жүреді
Таңертең тіршілігі құж-құж қайнап жататын қалада баласын қолтықтап, балабақшаға асығатын ата-ананы көп көреміз. Бірақ, керісінше, ата-анасын жетектеп, балабақшаға апара жатқан баланы мүлде көрмейміз деуге болады.
Астанада «қарттарға арналған балабақша» ашылды дегенді ести сала, тың ақпаратқа қызығып, мекеме әкімшілігінен сұхбат сұрадық. «Ата-әжелерге арналған балабақшаға» дегенді естігенде, әрі оған әрбір адам 300 мың теңге төлейді дегенді білгенде, одан сайын қызықтадық. Бірақ, күні бойы бала-шағасы жұмыста жүретін қарттардың бір ортаға жиналып, көңілді уақыт өткізетін ортасы деп барған бақшада мүлде басқа көрініске тап болдық: бізді өзінің кім екенін, неше жаста екенін білмейтін, келген журналисті «қызым» деп ойлап, құшақтайтын, жаңа ғана тамақ ішсе де «бүгін тамақ ішпейміз бе?!» деп «таң қалатын» төрт қария қарсы алды...
Сонымен, Azattyq Rýhy тілшісі арнайы барған қарттардың балабақшасы «Пана» деп аталады екен. Бұл мекемені қарттар үйімен шатастырмаған жөн. Өйткені, Қарттар үйінен айырмашылығы шынымен де дәл балабақшадағыдай, бірақ зейнеткерлерге арналған. Мұнда деменцияға шалдыққан қариялар таңертең келіп, кешке үйлеріне қайтады. Күндіз олар жаттығу жасап, кітап оқып, түрлі ойындарға қатысады, бір-бірімен әңгімелесіп, уақытын бірге өткізеді. Орталықтың ашылғанына небәрі 5 күн өтсе де, деменция синдромы бар ата-анасы үшін орын сұрағандар көп көрінеді. Әзірге Астанада ғана ашылған бұл үш қабатты ғимарат 1 қарашадан бастап жұмыс істейді. Қарттар таңғы сағат 09:00-да қабылданып, кешкі 19.00-де үйіне қайтады. Яғни балалар балабақшаға барғандай, егде жастағы адамдар да күндіз осы жерде жүреді. Қазір төрт зейнеткер күн сайын келеді. Олардың арасында бір ата, үш әже бар. Тағы бірнеше қарияның балалары өтініш беріп қойған. Балабақша негізі отыз адамға шақталған.
«Анамды пансионатқа беруге дәтім бармады»
Балабақшаны Жанна Айтуллина есімді әйел ашқан. Өйткені, әкесінің артынан жалғыз бауыры қайтыс болғаннан кейін ауыр қайғы анасының қабырғасын қайыстырып кетіпті. Әрине, бұндай жауапты жұмыс жалғыз адамның қолынан келмесі анық, сондықтан, Жанна Айтуллинаның қасына келіні, яғни, қайтыс болған бауырының әйелі Гүлмира Оспанова қосылған.
Қарттар балабақшасының құрылтайшысы Жанна Айтуллина Петропавл қаласында 25 жыл прокуратура саласында жұмыс істеген білікті заңгер екен. Кейін отбасымен бірге Астанаға көшкен. Сол кезде 78 жастағы анасы бұрынғы үйінде жалғыз қалған. Әрең дегенде анасын да Астанаға көшуге көндіріп, қасына алған.
«Әкем сегіз жыл бұрын қайтыс болды. Оған дейін жалғыз інім Мұратбек өмірден өтті. Інімнің қазасын анам қабылдай алмады. Содан кейін деменция белгілері байқала бастады. Әкем көзі тірісінде анамды үнемі бақылап, қарап жүретін. Бізге де: «Мамаң газды сөндірмей кетеді, байқап жүріңдер, қараңдар» деп ескертіп отыратын. Бірақ ол кезде біз анамыздың жағдайына аса мән бермеппіз. Барлығы дұрыс сияқты көрінетін. Қазір ойласам, әкем көп нәрсені ертерек байқаған екен», – дейді Жанна Айтуллина.
Анасының жағдайы нашарлаған сайын оған күнделікті күтіммен қатар, адамдармен араласатын орта да қажет болған. Жанна ханымның сөзінше, анасы үйде жалғыз қалғанда көбіне ұйықтап, тамақ ішуден де бас тартып, жата берген. Кейде ішкен шәйін ұмытып, аз уақыттан кейін мүлде шәй ішпегенін айтып отыратын.
«Анамды пансионатқа беруге дәтім бармады. Жүрегім дауаламады десем де болады. Қартайған адамды үйден алып кетіп, басқа жерге орналастыру оңай шешім емес. Содан кейін осындай балабақша ашу туралы ой келді. Анамды ғана емес, дәл осындай жағдайға тап болған басқа да қарттарды қоғамнан оқшауламай, күндіз бірге болатын орта қалыптастырғым келді», – дейді ол.
Орталық ашылғаннан кейін Жанна Айтуллина анасының мінез-құлқындағы өзгерісті байқаған. Бұрын үйде тамақ ішкісі келмейтін анасы енді қатарластарымен бірге дастарқан басына отырып, ас ішетін болған, тіпті өзін еркін сезініп, ашық сөйлесе бастаған.
«Аспазшы келіп, бүгін анаңыз тамағын тауысып жеді дегенде қатты қуанамын. Бұрын «ыстық тамақ ішіп алшы» десем, үнемі «ішкім келмейді» дейтін. Қазір мұнда өз замандастарымен бірге отырып тамақтанады. Анамның өмірі қайта басталғандай әсер қалдырады», – дейді орталық құрылтайшысы.
Қазір Жанна Айтуллина анасымен бірге қарттар балабақшасында тұрып жатыр. Өзінің екі баласы бар. Ол орталықты тек келіп-кететін орта емес, апталап қалуға жағдай жасалған мекен екенін де айтты.
Қарттардың бір күні қалай өтеді
Орталықтағы күн тәртібі алдын ала жоспарланған. Таңертең келген қариялар алдымен жеңіл жаттығу жасап, би билейді. Одан кейін таңғы ас ішіп, қан қысымын өлшетеді. Күннің келесі бөлігінде аффирмациялар айтып, таза ауада серуендейді. Сондай-ақ түрлі тапсырмалар орындап, кітап оқып, ойын ойнайды. Сағат 13:00-де түскі ас ішеді. Тамақтан соң қариялар тынығып, ұйықтайды. Оянғаннан кейін бесіндік ас ішеді. Одан әрі газет-журнал оқып, сурет салып, оқыған дүниелерін бірге талқылайды. Кешке тағы да серуендеп, жаттығу жасайды. Кешкі астан кейін үйлеріне қайтады.
Орталықта қариялардың денсаулығына қатысты кейбір процедураларға арналған құрылғылар да бар. Жанна Айтуллина оларды Сингапурдан әкелген. Құрылғылардың бірі қан айналымын жақсартуға арналған, сондай-ақ көзге массаж жасайтын аппарат да бар.
Қариялардың денсаулығын бақылау үшін орталық қызметкерлері күн сайын қан қысымын өлшеп, нәтижесін туыстарына жіберіп отырады. Әлеуметтік желіде арнайы ортақ чат та құрылған. Онда ата-анасының күнделікті немен айналысып жүргенін көрсететін суреттер мен видеолар жіберіп отырады.
«Бүкіл шығын өз қалтамыздан»
Жанна Айтуллина егде жастағы адамдарға арналған балабақша ашу үшін бар қаржыны өз қалтасынан шығарып отыр. Барлық жағдайды жасау үшін үш қабатты ғимаратты жалға алып, барлық мүлікпен қамтамасыз еткен. Бүгінде әр келуші 300 мың теңге төлейді. Айтуллинаның айтуынша, бұл мемлекеттік орталықтармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен баға.
Орталықтың ашылу салтанатына да қала тұрғындары мен еріктілер қатысқан. Ұлты сыған қариялардың бірі арнайы келіп, жанды дауыста ән айтып, зейнеткерлерге қайырымдылық концертін ұйымдастырған. Сондай-ақ спортшы Айтым Жақуповтың атынан үш студент келіп, ерікті ретінде қолдау білдірген.
Жанна Айтуллина жұмысты бір жүйеге келтіріп алған соң, басқа қалаларда да осындай орталық ашу мүмкіндігін қарастырып отыр.
«Күн сайын Алматыдан, Қарағандыдан, Өскеменнен хабарласып, біздің қалада қашан ашасыздар деп сұрайды. Көпшілігі ата-анасын қарттар үйіне бергісі келмейтінін айтады. Бірақ күні бойы жұмыста болғандықтан, үйде жалғыз қалатын қарияларына қарай алмайды. Балалары кешке жұмыстан шаршап келеді, ал ата-анасы күні бойы біреумен сөйлесуді, әңгімелесуді күтіп отырады. Біз сол олқылықтың орнын толтырғымыз келеді», – дейді ол.
Жанна Айтуллинаның пікірінше, қартайған адамның да қоғаммен араласуға, жаңа адамдармен танысуға, күнделікті өмірден қуаныш табуға құқығы бар. Сондықтан орталықтың басты мақсаты – қарияларды бір күнге болса да жалғыздықтан алыстатып, өздерін қажет сезінетін орта қалыптастыру.
«Баласы мен немерелерін ұмытып қалады»
Жанна Айтуллина өзінің анасы деменцияға шалдыққаннан кейін осы синдром туралы зерттеген. Оны себептерін анықтауға тырысқан. Қазақстанда мұндай белгімен өмір сүретін жандардың өте көп екенін білген соң, оларға да көмек қолын созуды армандаған. Орталық жұмысын бастағаннан бері оған Қазақстанның әр өңірінен хабарласқандар көп. Қазірдің өзінде 35 адам ата-анасының бірінде немесе екеуінде де осындай диагноз бар екенін айтқан екен.
Қазір қарттар балабақшасындағы ең жасы 65 жастағы зейнеткер де деменцияға шалдыққан. Кейбірі өзінің өмірбаянын, қанша баласы мен немересі бар екенін ұмытып қалады. Қандай қызметте жұмыс істегені мен өздерінің жастарын да еске түсіре алмайды.
«Бірде қариялармен ойын ойнап отырып, «Өздеріңізді неше жастамын деп ойлайсыздар?» деп сұрадық. 85 жастағы атамыз 21-демін деді. Ал 70-тегі әжеміз өзін 55-темін деп есептейді. Адамның жаны қартаймайды ғой. Олар да өздерін әлі жас сезінеді. Сондықтан біз оларға тек күтім көрсетіп қана қоймай, өмірге деген қызығушылығын жоғалтпауға көмектескіміз келеді», – дейді Жанна Айтуллина.
«Әйелі күйеуін өзі әкелген»
Оның айтуынша, әрбір қарияның жүріп өткен ауыр жолы мен сан қильы тағдыры бар. Мәселен, Ақберген деген қария мен жұбайының бастан кешкендері өте ауыр. Өмір бойы құрылыста жұмыс істеген ақсақал қазір деменцияның ауыр сатысын бастан кешіп жүр. Оны орталыққа 82 жастағы әйелі әкелген. Күйеуі ауырған кезде оны жалғыз күтіп-баққан. Бірақ, 61 жастағы ұлы жол апатынан кейін арбаға таңылған кезде, иығындағы жүгі екі аса ауырлап кеткен. Екі адамға қарау егде жастағы әйелге оңай болмаған. Оның үстіне әкесі мен баласы үйде жиі сөзге келіп қалатын көрінеді. Міне, Ақберген ақсақалды осы орталыққа әкелген ауыр тағдыр осындай екен. Алғаш келгенде ақсақал мұнда не үшін жүргенін түсінбей, қашан үйіне қайтатынын қайта-қайта сұрай берген. Тіпті ашуланып, ренішін де айтқан. Алайда уақыт өте келе жаңа ортаға үйрене бастаған. Қазір өзін еркін сезінеді екен.
«Атамыз көп жыл құрылыс саласында жұмыс істеген, спортпен айналысқан. Әлі де ширақ, баспалдаққа оңай түсіп-шығады. Кейде осы үйді мен салдым деп айтады. Біз оған қарсы келмейміз. «Рақмет, ата, үйіңіз сондай әдемі екен, керемет салыпсыз» деп қолдап отырамыз. Мұндай адамдармен сөйлескенде олардың көңіл күйін ескеріп, түсіністік таныту маңызды», – дейді орталық басшысы.
Анамның «ұзақ өмір сүргім келеді» деген сөзі қуантты
Орталыққа келетін қариялардың туыстары да олардың көңіл күйіндегі өзгерістерді байқаған. Мәселен, Асыл Назарқызы есімді әженің қызы анасын орталыққа әкелгеннен кейін оның өмірге деген көзқарасы өзгергенін айтқан.
«Асыл әжеміздің қызынан таңертең хабарлама келді. Анасы бұрын үйде үнемі шаршап, ауырып тұрғанын айтып, өмірге деген құлшынысы төмен болған екен. Ал бізге келе бастағаннан кейін «маған емделу керек, ұзақ өмір сүргім келеді» деп айта бастапты. Тіпті балабақшаға күн сайын келгісі келетінін айтқан екен. Осындай сөздерді естігенде еңбегіміздің нәтижесін көргендей боламыз», – дейді Гүлмира Оспанова.
Міне, «бұл заманның тренді шығар» деп күліп барған қарттардың балабақшасынан ақырын ғана жылап шықтық...