Қылмыс солай ашылды: Павлодарда алты жасында нағашы ағасы зорлаған қыз ауыр қылмысты ChatGPT-ге айтып берген
Педофил 20 жылға сотталды
Павлодарда туыс қарындасын 6 жасынан бастап зорлаған ер адам сотталды. Қылмысты ашуға ChatGPT жасанды интеллект құралы себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам 2020 жылдан бастап қарындасын бірнеше рет зорлаған. Қыз болған сұмдық оқиғаны ешкімге айтпай, ішінде сақтаған. Кейін арада 5 жыл өткен соң, күдікті тағы да жасөпірімге хабарласып, мазасын ала бастайды. Оған гитара сыйлайтынын айтады. Бұрынғы қорлықты тағы да бастан өткізетінін сезген оқушы қатты қорқып, жан-жағынан қолдау іздеген. Ақырында сырын ChatGPT-ге айтуға бекінеді. Жасанды интеллект құралы оған қолдау орталығына хабарласуға кеңес береді. Қыз бала орталыққа хабарласқан соң қылмыс әшкере болды. Орталық қызметкерлері дабыл қағып, анасына жеткізген, содан кейін полицияға хабарланып, іс сотқа жетті.
2026 жылғы 3 қарашада Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігін басшылыққа алып, кәмелетке толмаған жас баланың дәрменсіз жағдайын пайдалана отырып, оған қатысты сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаған ер адамға үкім шығарды.
Күдікті өз кінәсін мойындамаған. Сот талқылауы жабық өтті.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 20 жылға соттады. Сонымен бірге, күдікті енді өмір бойы педагогикалық қызмет атқара алмайды. Қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейды.