Хайнаньға барған қазақстандықтар елге қайта алмай отыр: Air Astana рейсі 27 сағатқа кешіккен

Астанаға ұша алмай отырған жолаушы арнайы жазба жариялап, көмек сұрады

Хайнаньға барған қазақстандықтар елге қайта алмай отыр: Air Astana рейсі 27 сағатқа кешіккен
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қытайдың Хайнань аралына демалуға барған қазақстандықтар елге қайта алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астанаға ұша алмай отырған жолаушы қазіргі жағдай туралы арнайы жазба жариялап, көмек сұрады.

«Бір тәуліктен астам уақыт 150-ден аса жолаушы Хайнаннан Астанаға ұша алмай отыр. Олардың арасында 30-ға тарта әже мен 20 бала бар. Air Astana өкілі мардымды жауап бере алмай отыр. Балалар мен қарттар орындықта ұйықтауға мәжбүр. Өзге елдің жолаушылары сыбырласып қана сөйлеседі. Air Astana-да кім жауапты, отбасылардың қашан оралатыны туралы нақты мәлімет беріңіздер», – деп жазды желі қолданушысы.

Желіде тараған бұл жазбаға Air Astana компаниясы жауап жазып, жолаушылардан кешірім сұрады.

«Техникалық себептерге (жасыл гидравликалық жүйедегі төмен қысым) байланысты Санья-Астана бағыты бойынша KC584 чартерлік рейсі 2026 жылдың 5 қарашасына ауыстырылғанын хабарлаймыз. Барлық жолаушы тамақпен және қонақүйдегі орынмен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта кестеде тағы да өзгерістер болса, жолаушыларға брондау кезінде көрсетілген байланыс телефон нөмірі бойынша уақытылы ақпарат беріледі. Қауіпсіздік – басты міндетіміз», – деп жазды Air Astana компаниясы.

Әуе компаниясы рейстің 27 сағатқа кешіккенін растады.

«Әуе кемесі Санья әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 5 қарашада 10.07-де ұшып кетті және Астанаға 14.45-те жетеді. Жалпы 27 сағатқа кешікті. Әуе компаниясы келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды», – делінген компания хабарламасында.