Қыздарына барып келе жатқан: ерлі-зайыпты Астана – Петропавл тас жолында жол апатынан қаза тапты

Жол апатынан үш адам көз жұмып, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді. Марқұмдардың бірі – Петропавл емханасының қызметкері

Қыздарына барып келе жатқан: ерлі-зайыпты Астана – Петропавл тас жолында жол апатынан қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Астана – Петропавл тасжолында болған жаппай жол апатынан үш адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында Петропавл қаласындағы №2 емхананың қызметкері Айгүл Жуандыкова мен оның жұбайы бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Qazaqstan Media басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға 1 қараша күні кешке Макинск қаласынан шыққан тұста болған. Ерлі-зайыпты елордадан қызымен кездесіп, үйлеріне қайтып келе жатқан.

Медициналық мекеме өз қызметкері, химияландырушы болып жұмыс істеген Айгүл Амангелдіқызының қаза тапқанын растады.

Әріптестері оны өте мейірімді, жанашыр, өз ісінің кәсіби маманы әрі жарқын жүзді жан ретінде еске алады.

«Айгүл Амангелдіқызының өмірден өтуі – бүкіл ұжымымыз үшін орны толмас қаза. Біз оны әрдайым мейірімді, жанашыр адам ретінде есте сақтаймыз. Осындай қайғылы сәтте марқұмның туған-туыстарына, жақындарына, сондай-ақ Айгүл Амангелдіқызы мен оның жұбайын таныған, жақсы көрген барша жанға шын жүректен көңіл айтамыз. Қайғыларыңызға ортақтасып, бірге аза тұтамыз», – деп жазылған емхана хабарламасында.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына Toyota Camry көлігінің жол қоршауына соғылуы себеп болған. Көлікті қыз бала басқарған. Одан кейін тоқтап тұрған Toyota Camry көлігіне Kia Rio соғылған. Оның тізгінінде де әйел адам болған. Артынша апатқа Chevrolet Cobalt көлігі де ұшыраған.

Жол апатының соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Toyota Camry жүргізушісі мен жолаушысы көліктен түсіп, жол үстінде тұрған кезде, оларды жоғары жылдамдықпен келе жатқан Geely көлігі қағып кеткен. Екі әйел де алған ауыр жарақаттарынан жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.

Әртүрлі дәрежеде жарақат алған тағы бес адам шұғыл түрде Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейін олардың бірін дәрігерлер аман алып қала алмағаны белгілі болды. Ер адам басынан алған ауыр жарақат салдарынан жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.