«Көпбалалы ана болған»: Ақтөбеде Неке сарайында бұрынғы сүйіктіксі өлтіріп кеткен әйелге қатысты тың деректер шықты

Күдікті – оның үш жыл бірге тұрған бұрынғы азаматтық некедегі жұбайы

«Көпбалалы ана болған»: Ақтөбеде Неке сарайында бұрынғы сүйіктіксі өлтіріп кеткен әйелге қатысты тың деректер шықты
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде Неке сарайында өлтірілген 26 жастағы әйелдің төрт баласы болғаны белгілі болды. Күдікті – марқұмның бұрынғы азаматтық некедегі жұбайы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, Неке сарайында кісі қолынан қаза тапқан Ақтөбе тұрғыны көпбалалы ана болған. Оның артында төрт баласы қалды.

Балалардың екеуі қазіргі уақытта қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамнан туған.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, күдікті – әйелдің бұрынғы бірге тұрған адамы. Екеуі шамамен үш жыл қарым-қатынаста болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған. Ер адам оқиға орнында ұсталып, қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған. Әйел қайтыс болғаннан кейін екі бала уақытша балалар үйіне орналастырылды. Қалған екі баланың тағдыры туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.

«Отбасылық жағдайларға байланысты кәмелетке толмаған екі бала "Үміт" балалар үйіне орналастырылды. Бұл жағдай облыстық Бала құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында», – деді Ақтөбе облысы Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев.

Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі Неке сарайында әйел адамды өлтіріп кеткен. Полиция қызметкерлері күдіктінің оқиға орнында ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейін полиция күдіктінің марқұм әйелдің бұрынғы бірге тұрған адамы екенін хабарлады.