Бүгін, 09:00
Қоғам

Ақ халатты жандарға жұдырық ала жүгірген: Қазақстанда дәрігерді ұрғандар қанша жылға сотталды

Қазақстанда дәрігерді ұрғандар 12 жылға дейін сотталады

Ақ халатты жандарға жұдырық ала жүгірген: Қазақстанда дәрігерді ұрғандар қанша жылға сотталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Елімізде былтырдан бастап дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қатысты заң күшейген болатын. Соған қарамастан, ақ халатты абзал жандарға қол көтеріп, қызметтік міндетін атқаруына кедергі келтіретін жағдайлар әлі де азаймай отыр. Дәрігерлердің өз өмірін қатерге тігіп, адам денсаулығы үшін күресіп жүрген сәтінде оларға күш көрсету қоғамда алаңдаушылық туғызады. Azattyq Rýhy тілшісі соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың бірқатарына шолу жасап, назар аударарлық оқиғаларды топтастырды.

Дәрігерді ұрып, 3 жылға сотталды. Петропавлдағы емханалардың бірінде 51 жастағы науқас сөзге келіп қалып, қарама-қарсы тұрған дәрігерді бетінен салып қалған. Оқиға биыл 17 тамыз күні таңертеңгі уақытта болған. Дәрігердің ескерту жасағанына қарамастан ер адам ашуға булығып, ақхалатты маманға қол көтерген.

Осы жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, науқасқа қатысты сот үкімі шықты.

«Аймақта осымен екінші адам дәрігерге қол көтеріп отыр. Біріншісі маусым айында Шал ақын ауданында болған. Ол кезде мас ер адам жол апатынан кейін өзіне көмек көрсетіп жатқан медбикеге жұдырық ала жүгірген. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды», – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

Хирург пен терапевт арасындағы төбелес. Қостанай облысындағы Тобыл қаласында өткен жылдың 21 желтоқсанында аудандық ауруханада оқыс жағдай болды. Белгілі болғандай, терапевт дәрігер науқастың жағдайын білу үшін хирургты шақырады. Алайда хирург телефон арқылы дөрекі сөйлеп, артынша әріптесін ординатор бөлмесіне шақырады. Сол жерде хирург терапевт әріптесінің мойнынан, бітінен бірнеше рет ұрып жібереді.

Терапевт әріптесінің осы ісі үшін дереу полиция шақырып, шағым түсіреді. Сол жерде тәртіп сақшыларына түсініктеме беріп, медициналық тексерістен өтеді. Полиция осы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді.

Қостанайдағы жағдай. Облыстық аурухананың қабылдау бөлмесінде 34 жастағы ер адам дәрігерді соққыға жығады. Оқиға 2025 жылдың 17 шілдесінде болған. Дәрігерге күш көрсетуіне оның қабылдауға келіп, ұзақ күтіп қалуы себеп болған. Мәліметтерге сүйенсек, сол күні шамамен сағат 12:30-да жас хирург-уролог Антон Кистанов қабылдау бөлмесіне кіреді. Ол оған дейін шұғыл операцияда болған еді. Алайда, дәрігер кірген бойда пациент «неге бізді ұзақ күттіресіңдер?» деп айқайлап, ашуға берілген.


Фото: «Наша газета»

Сол кабинетте отырған жүкті әйелдің айтуынша, дәрігер ешқандай дөрекілік танытпай, сабырлы үнмен шұғыл операциядан шыққанын түсіндірмек болған. Алайда ол дәрігердің сөзін аяғына дейін тыңдамай, оң қолымен бетінен қатты ұрады. Ауыр соққыдан Антон Кистанов тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлайды да, желкесімен қабырғаға қатты соғылады.

Осы жағдайдан кейін ол реанимацияға түсіп, ауыр жараланады. Миына қан құйылып, бас сүйегін сынған. Дәрігерлердің шешімімен ол Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына санавиациямен жеткізіліп, сол жерде оған қажетті білікті медициналық көмек көрсетілді.

Дәрігерді ұрған науқас бастапқыда екі айға қамалады. Кейіннен Қостанай соты оны жарты жылға бас бостандығынан айырды. 

Ақтаудағы жағдай. Бірер күн бұрын Ақтауда болған оқиға қоғамды дүрліктірді. Балалар ауруханасының қабылдау бөліміне ұлын алып келген ер адам балалар хирургіне шабуыл жасап, оны жағасынан алған. Бастапқы мәліметтерге сүйенсек, дәрігерлердің ұлын ауруханаға жатқызудан бас тартуына байланысты ер адам ақхалатты маманға тұра ұмтылған. Бұл оқиға биыл 19 қазан күні болған. Алайда болған жағдай бірер күн бұрын ғана жарияланды.


Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Дәрігерге қол көтерген ер адам арнайы видео түсіріп, соқырішегі жарылуға шақ қалған ұлына көмек көрсетпеген дәрігерлерге қатты ашуланғанын, сол себепті осындай жағдайға барғанын айтып ақталды. Өз кезегінде дәрігер де арнайы видео жариялап, шабуыл жасаған ер адамның өзіне жала жауып отырғанын айтты.

Дәрігерді ұрғандар 12 жылға дейін сотталады

Соңғы жылдары елімізде дәрігерлер мен науқастар арасындағы төбелес ара-тұра кездесіп жатады.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда дәрігерлердің құқығын қорғауға қатысты заң күшейген. Мәселен, дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданғаны немесе күш қолдануға оқталғаны үшін 500-ден 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу не осы мөлшерде түзету жұмысына жегу жазасы қарастырылған. Сондай-ақ құқық бұзушы 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ауыр әрекеттер жасалған жағдайда жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түрінде белгіленеді.

Ал егерде адам өмірі мен денсаулығына қауіпті деңгейде күш қолданғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мұндай әрекет ауырлататын жағдайда жасалса, жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаяды.