Каспий теңізіндегі трагедия: Бектенов Қорғаныс министрлігінің кемшіліктерін тізбектеп шықты
Үкімет басшысы оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жүйелі проблемалар бар екенін айтты
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Каспий теңізіндегі сарбаздардың қазасына байланысты Қорғаныс министрлігі жіберген кемшіліктерді тізбектеп шықты. Бұл жайлы ол Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, әскерлерде оқу-жаттығу өткізу барысында орналасқан жерді белгілеу, әуеден бақылау және құлақтандыру технологиялары қолданылады. Тиісінше Қазақстан әскерінде әуеден бақылау үшін дрондар, ал күштік құрылымдардың жекелеген бөлімшелерінде геолокацияны анықтауға және физиологиялық жағдайды бақылауға арналған жеке құрылғылар пайдаланылады.
«Күштік мемлекеттік органдарда «Қазгидромет» РМК-мен байланыс жолға қойылған, ол бойынша ауа райының болжамды өзгерістері мен дауылды ескертулер туралы мәліметтер тұрақты түрде хабарланады», – дейді Олжас Бектенов.
Ол өз сөзінде Каспий теңізіндегі қаралы оқиға оқу-жаттығуларды жоспарлау және өткізу кезіндегі жүйелі проблемаларды көрсеткенін айтып өтті.
«Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауда, қауіпті жағдайларды бағалауда және жағдай өзгергенде жедел ден қою кезіндегі кемшіліктер бар екені анықталды. Нақтырақ айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті көңіл бөлінбеген, қауіпсіздік талаптары сақталмаған және оқу-жаттығулардың қауіпті кезеңдерін тоқтату туралы шешімдердің уақытылы қабылдануына тиісті бақылау болмаған», – делінген Үкімет басшысының жауабында.
Ол сөз соңында президенттің тапсырмасына сәйкес жауапты органдар Әскери реформа жоспарының жобасын әзірлегенін айтты. Оның сөзінше, бұл реформа әскери басқару жүйесін жетілдіруді, оның ішінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін мүлтіксіз сақтай отырып, оқу-жаттығуларды жоспарлау мәселелерін стандарттауды көздейді.
Айта кетейік, биыл 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде 17 сарбаздың 14-і суға кетіп, қаза тапқан.