Астанада мектептегі жиналыстан кейін мұғалім ауруханаға түсті
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған
Астанадағы №99 мектепте бастауыш сынып мұғалімінің жиналыс кезінде жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазба авторы Астана қаласының Білім басқармасынан оқиғаны тексеріп, мектеп қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді сұраған.
«Әдістемелік бірлестік отырысы кезінде бірлестік жетекшісі бастауыш сынып мұғаліміне дауыс көтеріп, дөрекі әрі бұйрық раймен: “Ұнамаса, шығып кете аласыз” деген. Бұл жағдай әріптестерінің көзінше болған. Осыдан кейін мұғалімнің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем бригадасы оны медициналық көмек көрсету үшін мектептен алып кеткен. Мұғалімдерге мұндай қарым-қатынас жасауға болмайды деп есептеймін. Оқиғаның мән-жайын объективті тексеріп, қызметкерлердің әрекетіне баға беруді және ұстаздарға психологиялық қысым көрсетудің алдын алу үшін шара қабылдауды сұраймын», – деп жазылған әлеуметтік желідегі жазбада.
Астана қаласының Білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, мектепте бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен әдістемелік кеңес өткен. Жиында білім сапасына қатысты мәселелер талқыланып, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетілген.
«Отырыс кезінде мұғалімдердің бірі өзін жайсыз сезінетінін айтқан. Осыған байланысты мектептің әдістемелік бірлестік жетекшісі оған бөлмеден шығып, демалуды ұсынған», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр.