Шымкентте биыл 20 мыңнан астам сәби өмірге келді: 213 егіз, төрт үшем бар

Жуырда екі рет егіз босанған әйел адам үшемді өмірге әкелді

Шымкентте биыл 20 мыңнан астам сәби өмірге келді: 213 егіз, төрт үшем бар
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Шымкентте биыл жыл басынан бері 20 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Олардың арасында 213 егіз және төрт үшем бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жақында Шымкент қалалық перинаталдық орталығында жеті баланың анасы 36 жастағы Ажар Ташқараева үшемді босанды. Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімді сәбилердің жағдайы жақсы. Осыған дейін екі рет егіз босанған ана осылайша он баланың анасы атанды. Отбасы дәрігерлердің көмегі мен көрсеткен қамқорлығына алғысын білдірді.

«Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ана мен бала өлімі көрсеткіші 23,6 пайызға төмендеген. Бұл бағыттағы оң нәтижеге жүкті әйелдерді ерте есепке алу, уақытылы диагностикалық тексеруден өткізу, жүктілік барысын тұрақты бақылау және босандыру ұйымдарында медициналық көмектің сапасын арттыру әсер еткен. Қазір қалада төрт перзентхана бар. Оның үшеуі үшінші деңгейде, біреуі екінші деңгейде перинаталдық көмек көрсетеді. Медициналық ұйымдарда жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйелдерге, мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге және ерекше күтімді қажет ететін нәрестелерге тиісті медициналық көмек көрсетіледі», – делінген министрлік хабарламасында.

Шымкентте қазіргі уақытта президенттің тапсырмасы бойынша 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр. Жоспар бойынша 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы тиіс.