Тоқаев Qarmet-тің жұмысын өзі барып тексерді (ВИДЕО)

Qarmet-те шамамен 35 мың адам жұмыс істейді

Тоқаев Qarmet-тің жұмысын өзі барып тексерді (ВИДЕО)
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet конвертер цехына барып, жұмысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ол жерде Qarmet болат балқыту өндірісінің негізгі буыны саналатын конвертер цехы жайлы түсіндірді.

Нақтырақ айтқанда, президентке домна пешінде балқытылған шойынның қалай құрышқа айналатыны, содан кейін үздіксіз құю қондырғысына және одан әрі илемдеуге жіберілетіні көрсетілді.

«Qarmet компаниясы 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерде күрделі жөндеу жүргізіп, корпустарды толық ауыстырды және анағұрлым заманауи конструкциялар орнатты. Жаңғырту жұмысы шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, қорытылған болат көлемін ұлғайтуға, құрал-жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру ісі жүріп жатыр», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев президентке өндірістік көрсеткіштер өсімі және инвестициялық бағдарламаларды іске асыру барысы жөнінде есеп берді.

«2026 жылдың қорытындысы бойынша 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру жоспарланып отыр. Компания жұмысы басталғаннан бері инвестиция көлемі 2,7 миллиардтан аса долларды құрады. Бұл қаражат өндіріс қуатын жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысан салуға бағытталды», – деп жазды Ақорда.

Айта кетейік, Qarmet – еліміздегі толық өндірістік циклге ие ең ірі тау-кен-металлургиялық компаниясы. Орталық Азиядағы өзінің көмір, темір рудасы кеніштері және энергетикалық базасы бар, интеграцияланған тау-кен-металлургиялық кешен. Компанияда шамамен 35 мың еңбеккер, соның ішінде 14 мыңнан астам адам Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.