«Мемлекеттің ақшасына түсірілген фильм тек қазақ тілінде болуы керек»: «Әділет» жанындағы «Мирас» кеңесінде не айтылды

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұлттық құндылықтарды нығайту және жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды

«Мемлекеттің ақшасына түсірілген фильм тек қазақ тілінде болуы керек»: «Әділет» жанындағы «Мирас» кеңесінде не айтылды
Фото: "Әділет" партиясының баспасөзінен

«Әділет» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұлттық құндылықтарды нығайту және жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды. Кеңес мүшелері қазақ тіліндегі кино өндірісін дамыту, балаларға арналған отандық контентті көбейту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және өңірлердегі мәдениет нысандарын жаңғырту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырыс барысында «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев елдің дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен бағалау аздық ететінін атап өтті. Оның айтуынша, экономика мен инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, қоғамның рухани деңгейіне, азаматтардың жауапкершілігі мен өзара құрметіне де мән беру керек.

«Президент еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті. Алдағы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Жолдауда экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, ұлттық білім мен қоғамдық жауапкершілік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Шын мәнінде, елдің дамуы экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Қоғамның ой-санасы, өзара құрметі мен азаматтық жауапкершілігі де бүгінде аса маңызды. Біз жаңа қала салып, заманауи технологияларды енгізе аламыз, бірақ сол өзгерістерге сай қоғамдық мәдениет қалыптастыра алмасақ, көздеген нәтижеге толық жете алмайтынымыз сөзсіз. Сондықтан экономика мен руханият қатар дамуы керек», – деді Ержан Жылқыбаев.

Оның пікірінше, бұл бағытта зиялы қауымның орны ерекше. Себебі қоғамның көзқарасы мен құндылықтарына ықпал етіп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруде зиялы қауымның рөлі зор. Сондықтан ел болашағы білімді, озық ойлы, ұлттық құндылықтарын құрметтейтін әрі заман талабына бейім азаматтармен байланысты болуы керек.

Осы мақсатта кітап оқу мәдениетін дамыту, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, тарихи мұраны сақтау, отандық әдебиет пен өнерді қолдау маңызды. Әсіресе жасанды интеллект пен жаңа технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде ұлттық мәдениетті цифрлық кеңістікте де кеңінен таныту қажет екенін айтты.

Ержан Жылқыбаев «Мирас» кеңесінің жұмысын өңірлермен байланыстыру мәселесін де көтерді. Ол республикалық және аймақтық кеңестер арасында тұрақты байланыс орнату үшін көшпелі отырыстар ұйымдастыруды ұсынды. Оның айтуынша, кеңес мүшелері өңірлерге барып, жергілікті зиялы қауыммен, жастармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдауы керек. Бұл аймақтарда көтерілген бастамаларды республикалық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

«Тек мәдени іс-шаралар өткізетін ғимарат ретінде қарастыруға болмайды»

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Жарқынбек Амантай өңірлердегі мәдениет нысандарының жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауда аймақтардағы мәдениет нысандарына деген қажеттілікті анықтап, оларды салу мен жаңғыртуға басымдық беру міндетін қойған. Атап айтқанда, өңірлерде шығармашылық үйлерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды көбейту қажеттігі айтылған.

Оның пікірінше, мұндай нысандарды тек мәдени іс-шаралар өткізетін ғимарат ретінде қарастыруға болмайды. Олар тұрғындардың шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын рухани орталыққа айналуы тиіс.

«Мәдениет үйлері тек іс-шара өткізетін орын ғана емес, халықтың шығармашылық әлеуетін дамытатын, креативті индустрияны өркендететін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын рухани орталық болуы тиіс. Мәселен, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының қолжетімділігін арттыру, кітапханаларды жаңғырту, шығармашылық орталықтарын дамыту міндет. Бұл – елдің рухани мәдениетіне салынған инвестиция», – деді Жарқынбек Амантай.

Ол кітап оқудың маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, кітап оқу адамның білімін ғана толықтырып қоймайды. Ол ойлау қабілетін дамытып, талғамы мен дүниетанымын қалыптастырады. Сонымен қатар азаматтық ұстанымның қалыптасуына ықпал етеді.

«Мемлекет қаржысына түсірілетін фильмдер тек қазақ тілінде болуы керек»

Кеңес отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан алдағы 50-100 жылда қандай ел болатынын ойлағанда, қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері мен рухани әлемін сақтауға басымдық беруі керек.

Осы ретте ол мемлекеттік қаржыға түсірілетін кинотуындыларды бірден қазақ тілінде шығаруды ұсынды. Себебі қазіргі тәжірибеде кейбір фильмдер алдымен орыс тілінде түсіріліп, кейін қазақ тіліне аударылады.

«Президент тұңғыш рет биылғы Жолдауда Қазақстанның алдағы 50-100 жылда қандай ел болатыны туралы мәселені айтты. Соның ішінде біз қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін, рухани әлемін сақтауға бағытталған жұмысты күшейтуіміз керек. Өнер-білім мен мәдениет күн тәртібінен түспеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қаржыға түсірілетін кинотуындылардың барлығы тек мемлекеттік тілде түсірілсе деген ұсынысымыз бар. Өйткені біз көбінесе фильмдерді орыс тілінде түсіріп, артынан аударма жасап жатамыз», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар ол коммерциялық фильмдердің мазмұнына да назар аудару қажеттігін айтты. Оның пікірінше, соңғы уақытта кейбір фильмдерде әдепсіз, тұрпайы және былапыт сөздер жиі кездеседі. Сондықтан мұндай туындыларды көрерменге ұсынбас бұрын мазмұнын мұқият сүзгіден өткізу керек.

Нұртөре Жүсіп бұдан бөлек, газет оқу мәдениетін қайта жандандыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, баланың газет пен кітап оқуға қызығушылығын ерте жастан қалыптастыру оның тіл байлығына, дүниетанымына және отансүйгіштік сезіміне тікелей әсер етеді.

Ол Мемлекет басшысының жыл сайын қазақ басылымдарына сұхбат беруін де қоғамның газет оқу мәдениетіне назар аударуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.

Қазақ әдебиетінің шығармаларын манга мен анимацияға айналдыру ұсынылды

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Дәулет Кәрібек жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруда балаларға арналған контенттің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және олардың қызығушылығына сай сапалы өнімдер шығаруға басымдық беру қажет.

Ол Германияда балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар бар екенін мысалға келтірді. Мұндай бастамалар балаларға арналған контент өндіруге, олардың шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді.

«Кез келген құндылық бала кезден қалыптасады. Сондықтан балалардың шығармашылығын қолдау, оның ішінде қысқаметражды кино, аниме, комикстерге көп көңіл бөлу керек. Мысалы, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында манга оқитындар саны бойынша үшінші орында. Жастардың көбі дәстүрлі кітаптармен қатар манга да оқиды. Сондықтан осы бағытқа назар аударған дұрыс деп ойлаймын», – деді Дәулет Кәрібек.

Ол ұлттық әдебиетті жас ұрпаққа заманауи форматта таныстыру үшін қазақ әдебиеті шығармаларын экрандауға арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Оның сөзінше, бұл бағытта Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерттеуге болады. Бұл елде ұлттық әдеби шығармалар негізінде сериалдар, анимациялық туындылар мен комикстер шығару жолға қойылған.

Дәулет Кәрібектің тағы бір ұсынысы – отандық авторлардың шығармаларын шетелге таныту және авторлық құқықтарды экспорттауға қолдау көрсету. Ол үшін қазақ әдебиетіндегі үздік туындыларды шет тілдеріне аударып, шетелдік баспаларда жарық көруіне жағдай жасау қажет.

Сонымен бірге ол Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған арнайы заң қабылдау жоспарда бар екенін айтты. Бұл бастама Құрылтайда талқыланбақ.

Осылайша, «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында ұлттық мәдениетті сақтау мен оны жаңа форматта дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Кеңес мүшелері кітап оқуды насихаттаудан бастап, қазақ тіліндегі кино өндірісін дамыту, балаларға арналған анимация мен комикстер шығару, өңірлердегі мәдениет инфрақұрылымын жаңғыртуға дейінгі мәселелерді көтерді.