Шұғыл жағдай: Каспий теңізінде 19 әскери қызметкер суға кетті, 9-ының мәйіті табылды
Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды
Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында 19 әскери қызметкер суға кетті. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайды Қорғаныс министрлігі растап, 9 адамның мәйіті табылғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға бүгін, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында болды.
«Оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшейуіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге алып кеткенін ауыр күрсініспен хабарлаймыз. Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмысын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі. Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай беріледі», – делінген министрліктің агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың тек ресми ақпаратына сүйенуді сұраймыз.