Шымкенттен Алматыға оқуға келген: ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шымкенттен Алматыға оқуға келген бірінші курс студенті 6 қараша күні студенттер қалашығында көз жұмған

Шымкенттен Алматыға оқуға келген: ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: ҚР ІІМ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті белгісіз жағдайда көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейді», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Белгілі мәліметтерге сәйкес, қыз Алматыдағы жоғары оқу орнына Шымкенттен оқуға келген. Ол журналистика факультетінің бірінші курс студенті болған. Қайғылы оқиға 6 қараша күні кешке студенттер қалашығында болған. Түнде жатақхана студенттеріне бөлмелерінен шығуға және балконға шығуға тыйым салынған.

Еске салайық, осыдан бір жыл бұрын Қазақстан жұртын ҚазҰУ студентінің ректораттың 14-қабатынан құлағаны туралы хабар дүр сілкіндірген еді. Ол кезде қайғылы оқиғаның алдын ала себебі ретінде қыздың отбасындағы мәселелер аталған болатын.