«Тоғыз ай кезекте тұрмын»: Қазақстанда ерекше балалардың ата-аналарына арналған жаңа цифрлық платформа дайындалып жатыр

Депутаттар жыл соңына дейін қажетті заң жобасын әзірлемек

«Тоғыз ай кезекте тұрмын»: Қазақстанда ерекше балалардың ата-аналарына арналған жаңа цифрлық платформа дайындалып жатыр
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Елімізде ерекше балалардың ата-аналарына арналған жаңа цифрлық платформа дайындалып жатыр. Ол жерден медициналық, білім беру, әлеуметтік қызметтерді алуға болады. Құрылтай депутаттарының дайындаған заң жобасы қабылданатын болса, ата-аналар әр мекеменің табалдырығын тоздырып, жеке-жеке құжат жинап жүрмес еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясының мүшелері Асхат Рахимжанов пен Шолпан Каринова Ақмола облысының еңбек және педагогикалық ұжымдарымен, сондай-ақ Көкшетау, Зеренді ауданы мен Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізігі бағыттарды түсіндірдіріп, осы мәселелерді талқылады.

Қосшы қаласында Шолпан Каринова қалалық мектеп-гимназияны, емхананы және қоғамдық мәдени-спорт кешенін аралады. Мектеп-гимназияда өткен кездесуге қаланың барлық мектебінен 150-ге жуық адам ұстаз жиналды. Сонымен қатар депутат медицина қызметкерлерімен және қала тұрғындарымен кездесіп, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау тақырыптарында сөйлесті.

Шолпан Каринованың айтуынша, ерекше баласы бар ата-аналар керекті көмекті алу үшін бірнеше мекемені аралауға мәжбүр. Әрқайсысына жеке құжат тапсыруы керек. Осыны назарға алған Құрылтай депутаттары ерекше балаларды кешенді қолдауға арналған заң жобасын әзірладі. Қазір құжат Үкіметтің қарауына берілді.

«Көптеген ата-ана неге әр мекемеге бөлек-бөлек құжат тапсырып жүруіміз керек, неге барлық қызметті бір жерден ала алмаймыз» деп сұрайды. Қазіргі жүйе оларға қолайсыздық тудырып отыр. Біз заң жобамызда осы қызметтердің барлығын біріктіріп, ата-аналар қажетті көмекті бір тетік арқылы алатындай етіп жасадық», – деді Шолпан Каринова.

Оның түсіндіруінше, бала дүниеге келген оның дамуында өзгешеліктер байқалса, бірден тиісті мекемелерге ақпарат жіберіліп, цифрлық жүйеге тіркеу керек. Осыдан кейін баланың қандай көмекке мұқтаж екені анықталып, қажетті қызметтер ұйымдастырылады. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Инклюзивті цифрлық модулі» қолданылады. Платформада тиісті мекемелер баланың жағдайы туралы мәліметті алып,  әрқайсысы өз бағыты бойынша көмек көрсетеді.

Ерекше баланың анасы тоғыз айдан бері кезек күтіп жүр

Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесуде баласына «аутистік спектрдің бұзылысы» диагнозы қойылған ата-ананың бірі мамандардың қабылдауына жазылу үшін бірнеше айдан бері кезек күтіп жүргенін айтқан.

«Психикалық денсаулық орталығына бес ай кезек күткен. Енді келесі кезеңге өту үшін тағы төрт ай күтуі керек екен. Бұл сұрақ Президенттің халыққа Жолдауында да көтерілген еді. Мемлекет басшысы оңалту орталықтарын көбейту туралы тапсырма берді. Ашығын айту керек бізде бұл салада мекелемелер мен қажетті мамандар аз, сондықтан ата аналар айлап кезекке тұрады», – деді депутат.

Оның сөзінше, заң жобасында ерекше балаларға уақытылы көмек беру мәселесі қамтылған.

Ерекше балалардың спортпен айналысу мәселесі көтерілді

Кездесуде ата-аналардың бірі баласының спорт үйірмесіне бара алмай жүргенін, себебі жаттығулардың ақылы екенін айтқан. Осы мәселені шешу үшін депутаттар Спорт және туризм министрлігі мен өңірлердегі әкімдіктердің мәдениет және спорт басқармалары қандай жұмыс атқаруы керектігін заң жобасында нақтылаған.

«Біз ерекше балаларға не қажет екенін, министрлік пен өңірлердегі басқармалар не істеуі керектігін толық қайта жазып шықтық. Осыны ата-аналарға түсіндірдік. Қосшы қаласының әкімдігімен де сөйлесіп, мәселені талқыладық. Оны қазірден бастап шешуге болады», – деді Шолпан Каринова.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы Президенттің тапсырмасы аясында әзірленіп жатыр. Оны желтоқсанға дейін қабылдау жөнінде тапсырма берілген.

Сондай-ақ Көкшетау қаласында депутат Асхат Рахимжанов Ш. Уәлиханов атындағы университеттің оқытушылары мен студенттерімен, «Тыныс» және «Новопэк» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Зеренді ауданында аудандық өнер мектебінің ұжымымен және Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназия мұғалімдерімен жүздесті.

Ол 2027 жылды Жалпыұлттық үлкен құрылыс жылы деп жариялаудың маңызына тоқталды.

«Әр ауданға қажетті инфрақұрылым түрлері бар. Сондықтан құрылыс жоспарларын әзірлеу кезінде тұрғындардың өзінен не керегін сұрау керек. Сонымен қатар жаңа нысандар салумен ғана шектелмей, құрылыс сапасына, жобалардың уақытылы аяқталуына және инфрақұрылымды одан әрі күтіп ұстауға да назар аудару қажет», – деді депутат.

Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңа тарихи кезеңде: өзекті міндеттер» атты Жолдауында айтылған әлеуметтік-экономикалық даму, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру және еңбек нарығын дамыту мәселелерін түсіндірді.

Жұмыс сапары барысында депутаттар тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелермен танысып, түрлі сала өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.