Ақтөбеде неке қию залына келген әйел адамды бұрын бірге тұрған серігі өлтіріп кетті

Күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторын қамалды

Ақтөбеде неке қию залына келген әйел адамды бұрын бірге тұрған серігі өлтіріп кетті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақтөбеде ер адам неке қию сарайына келген әйел адамды өлтіріп кетті. Полиция қанды оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұзаққа бармай, қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторын қамалды.

«Бойжеткеннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын, сол сияқты қылмыстың себебін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиев.

Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті мен марқұм әйел бұрын қарым-қатынаста болып, бір пәтерде өмір сүрген. Ал неке сарайында олардың арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне қатысты дау шыққан.