«Ұмай» басталды: Алматыда әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламаға ер адамдар таласты (ВИДЕО)
Банк сервистері «қатып» қалған
«Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдаудың алғашқы күні айғай-шумен басталды. Алматыдағы банк бөлімшесінің алдында жиналған адамдар бір-бірін қағып-соғып, таптап кетуге шақ қалды. Әйелдерге арналған бағдарламаға өтінім тапсыруға келгендер ішінде ер адамдардың қарасы қалың, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда байқалғандай, алматылықтар есікке жармасып, бір-бірін итеріп жатыр. Видео авторының айтуынша, кезек түнгі сағат бірден басталған.
«Отбасы банк» баспасөз қызметі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Банк мәліметінше, 3 қараша күні сағат 11:30-ға дейін «Ұмай» ипотекасына 300 өтінім қабылданған. Қатысуға ниеттілердің көп болуына байланысты банк сервистеріне түскен жүктеме шамадан асып кеткен. Соның салдарынан кейбір клиенттер кеңес алу мен құжат тапсыру кезінде көп күтіп қалған. Банк өкілдері сервистердің жұмысын қалпына келтіруге тырысып жатқанын хабарлады. Өтінім қабылдау жалғасып жатыр.
Құжаттарды банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе онлайн форматта тапсыруға болады.
«Ұмай» ипотекасының шарттары қандай?
Бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 16,3–16,8%. Қарыздың ең жоғары сомасы – 50 млн теңге. Отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы тиіс.
Бастапқы жарна Астана мен Алматыда тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызына, ал басқа өңірлерде 15 пайызына тең. Бағдарлама аясында бастапқы және екінші нарықтан баспана алуға болады. Екінші нарықтағы тұрғын үй 2016 жылдан ерте салынбауы керек.
Айта кетейік, Азия даму банкі «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын қаржыландыру үшін «Отбасы банкке» жалпы 90 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. 3 қарашада банк екінші транш - 20 млрд теңгені алған.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 31 тамыздан бері жалпы сомасы 8,6 млрд теңге болатын 435 қарыз берілген.