Құрылыс саласына 16 мыңнан астам маман қажет: қандай кәсіп иесі сұранысқа ие

Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасын іске асыру бойынша талқылау өтті

Құрылыс саласына 16 мыңнан астам маман қажет: қандай кәсіп иесі сұранысқа ие
Фото ЖИ арқылы жасалды

Елдегі құрылыс саласына 16,2 мың, ал өңдеу өнеркәсібіне тағы 14,4 мың қызметкер қажет. Алдағы жылдары инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар көбейген сайын білікті жұмысшы мен инженерлерге сұраныс арта түспек. Бұл туралы Астанада өткен «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс – 2027: Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер» атты талқылауда айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» және «QazIndustry» ұйымдастырған жиында ауқымды құрылыс бастамасының экономикалық мүмкіндіктері талқыланды. Сарапшылар тұрғын үй салумен қатар, инженерлік желілерді жаңарту, энергетикалық нысандар мен өндіріс орындарын салу бағыттарына да тоқталды.

Басқосуда сөз сөйлеген Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов алдағы ауқымды құрылыс елдің қаржылық, инвестициялық, өндірістік және еңбек ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік беретіні атап өтті.

«Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен қатар жеке капиталды тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті кеңейтуге және сабақтас салаларды дамытуға серпін беруі тиіс», – деді Жандос Шаймарданов.

Отбасы банк АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғын үйді қолжетімді ете түсу, тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ал «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Күздібаевтің сөзінше, құрылыс көлемін ұлғайту қалаларымыз бен ауылдық аумақтарымызда жайлы орта қалыптастыру үшін инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға кешенді көзқарасты талап етеді.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров Жалпыхалықтық құрылыс жылын инфрақұрылым салу науқаны ғана емес, іс жүзіндегі қуатты өнеркәсіптік саясат екенін айтты.

Кейін сарапшылар «Қазақстанның үлкен халықтық құрылыс алаңы: ауқымы мен көкжиегі» атты баяндамаға тоқталды. Онда құрылыс пен өңдеу өнеркәсібіндегі кадр қажеттілігіне жеке назар аударылған. Құжатқа сәйкес, құрылыс саласына 16,2 мың маман, өңдеу өнеркәсібіне 14,4 мың қызметкер қажет.

Сұранысқа ие мамандар қатарында дәнекерлеушілер, монтаждаушылар, жабдықтарды баптаушылар, операторлар мен инженерлер бар. Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық және өнеркәсіптік жобалардың көбеюі цифрлық жобалау, автоматтандыру, күрделі монтаждау және сапаны бақылау бағытындағы мамандарға да қажеттілікті арттырады.

Мамандар кадр мәселесін олардың сан көбейту арқылы шешу жеткіліксіз екенін атап өтті. Өйткені жас мамандардың біліктілігі өндірістің нақты талаптарына сай болу керек. Бұл ретте колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейтіп, өндірістік тәжірибенің сапасын арттыру маңызды.

Мәселен, 2025-2026 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі мемлекеттік білім беру тапсырысының 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Дегенмен нәтиже  өндірістік практиканың сапасы, студенттердің заманауи жабдықтарға қол жеткізуі және жұмыс берушілердің қолданбалы құзыреттерді қалыптастыруына да байланысты.

Жұмыс көлемі артып отырғандықтан, мамандарға деген сұраныс та артатыны түсінікті. Мысалы былтыр құрылыс жұмысының көлемі 10,85 трлн теңгеге, ал жалпы құны 9,86 трлн теңгеге жеткен. Ал сол кезеңдегі өсім 17,5%-ды құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 15,2% артты.

Баяндамада құрылыс саласындағы өсім тұрғын үймен ғана шектелмейтіні айтылған. Көлік инфрақұрылымы, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар, энергетика және жаңа өндіріс орындарының құрылысы да нарықтың кеңеюіне ықпал етіп отыр.