Ташкентте уланып қалған қарағандылық оқушылар: тағы бір бала ауруханаға түсті

Ауруханаға түскен қазақстандықтардың саны 18-ге жетті

Ташкентте уланып қалған қарағандылық оқушылар: тағы бір бала ауруханаға түсті
Фото: Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі

Қарағандыдан Ташкентке футбол жарысына барған балалардың арасында тағы біреуі ауруханаға түсті. Ал ауруханада жатқан 10 адам емделіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ауырып қалған баланың 2 қараша күні сағат 17:00-де №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанын ресми мәлімдеді. Осылайша Ташкентте уланып, ауруханаға түскендердің саны 18 адамға жетті. Олардың 12-сі – бала, 6-ауы – ересек.

Елшіліктің мәліметінше, жағдайы жақсарған 10 адам ауруханадан шықты. Олардың 6-ауы – бала, 4-еуі – ересек. Қалған 8 адам әлі емделіп жатыр. Олардың жағдайы – тұрақты. Бәрі дәрігерлердің бақылауында.

«Өзбекстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олим Омонов, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Дурдона Рахимова және Ташкент қаласы Денсаулық сақтау бас басқармасының басшысы Ботир Исабеков қазақстандықтардың ем қабылдауына тікелей көмек көрсетті. Елшінің қатысуымен ауруханаларда жатқан жас футболшылардың жағдайы бойынша консилиум өтті», – делінген елшілік хабарламасында.

Сол сияқты 13 бала елшіліктің көмегімен Қазақстанға оралғаны айтылды. Ташкентке футбол жарысына барған 95 адамның 12-сі әзірге Өзбекстан аумағында. Ал олардың 8-і ауруханаларда емделіп жатыр.

Қарағанды облысының әкімдігі елге оралған өңір тұрғындарын күтіп алып, дәрігерлердің тексеруінен өткізу жұмысын ұйымдастырған.