Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей: биыл әлемнің қай елдерінде қазақстандықтар көз жұмды

Шетелде қаза тапқан қазақстандықтар туралы хабарлар қоғамның да назарын аударды

Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей: биыл әлемнің қай елдерінде қазақстандықтар көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде шетелге сапарлаған бірқатар қазақстандықтың өмірі қайғылы жағдайда үзілді. Түрлі елдерде болған оқыс оқиғалар мен күтпеген жағдайлар отандастарымыздың жақындарына ауыр қайғы әкелді. Azattyq Rýhy тілшісі жыл басынан бері шет мемлекеттерде көз жұмған отандастарымызға қатысты оқиғаларды жинақтап, шолу жасады.

Ыстанбұлдағы бойжеткеннің қазасы. Биыл 25 қазан күні Шишли ауданында отандасымыз Айсұлу Бекмаханова 6-қабаттың балконынан көрші тұрған ғимаратқа өтіп кетемін деп аяғы тайып, құлап кетен. Оқиға орнына жедел жәрдем жылдам жеткенмен, тілге келместен, сол жерде жантәсілім етті. Оның туристік визамен Түркияға қыркүйек айында барғаны хабарланды.


Фото: DHA

Қайғылы оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары Ресей азаматы мен Түркия азаматы полиция участогына жеткізіп, жауап алды.

Сеулдегі қайғылы оқиға. Қыркүйек айының соңғы күндері Оңтүстік Кореяда құрылыста еңбек етіп, нәпақасын тауып жүрген отандасымыз қайғылы жағдайда көз жұмды. Қазақстан азаматының қазасын Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растап, оқиғаға байланысты Кореяның құзырлы органдары тергеу жүргізетінін хабарлады.


Фото: istockphoto.com

«Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Польшада жоғалып кетіп, артынан мәйіті табылған. 18 ақпан күні Екатерина Шилова Варшавадан Астанаға ұшып шығуы тиіс болатын. Алайда рейске мінбегені белгілі болды.

«Варшавадан Астанаға ұшқан жоқпын. Германияда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүрген құрбым сол жақта жақсы жұмыс ұсынды, билетімнің ақшасын қайтарып алдым. Енді қолым босағанда жазамын», – деп жазған соңғы хатында ол.

Осыдан кейін Екатерина Шилованың із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланған. Алайда арада бірнеше апта өткен соң, яғни наурыз айында отандасымыздың қаза тапқаны белгілі болды.

Сыртқы істер министрлігі марқұмның денесін елге жеткізу үшін Польшадағы Қазақстан елшілігі консулдық-құқықтық мәселелер бойынша көмектесіп жатқанын хабарлады.

Омбыда өрттен қаза тапты. Ресейде құрылыс алаңында 15 тамыз күні өрт шығып, дәл осы орында жұмыс істеп жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы бақилық болды.


Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Отандасымыздың денесінің 70 пайызы күйіп, ауруханада бірнеше күн емделіп жатқан. Алайда ауыр жарақатынан аурухана төсегінде көз жұмды.

Ресейдің Омбы облысы бойынша Тергеу комитетінің мәліметінше, өрт 15 тамыз күні таңертең «Кварталы Драверта» тұрғын үй кешенінің салынып жатқан ғимаратында болған. Тілсіз жау бірінші қабатта тұтанып, кейін жоғары орналасқан қабаттарға тараған.

Белградтағы жағдай. Сербияда жүрген қазақстандық бойжеткен алтыншы қабаттан құлап кетіп, қайғылы жағдайда көз жұмды. Бұл ақпаратты алғаш болып, марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жариялаған.


Фото: Әлеуметтік желіде тараған видеодан скрин

«Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, жан-жақты консулдық-құқықтық қолдау көрсетуде. Бұл жағдай министрліктің ерекше бақылауында», – делінген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.

Пхукетте бір ай комада жатқан. Қостанай тұрғыны Алексей Вивтоненко биыл ақпан айында Тайландта жүріп, аяқастынан ауыр дертке шалдығады. Қазақстанға жеткізілгенмен, ұзаққа бармай, қайтыс болды.


Фото: instagram.com/ng.kz

Биыл ақпан айында Алексей Вивтоненко Таиландтың Пхукет аралында демалып жүргенде ауыр халде ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған ұйқы безінің 30 пайыздан астам бөлігі зақымданған жедел панкреатит пен панкреонекроз, сондай-ақ тыныс алу және бүйрек жеткіліксіздігі диагноздарын қойған. Кейін науқастың жағдайы сепсис, бүйректің жедел зақымдануы және екіжақты пневмония салдарынан одан әрі күрделене түскен. Соның салдарынан Алексей жансақтау бөлімінде бір айға жуық жатқан. Туыстарының айтуынша, Таиландтағы емдеу шығыны өте қымбатқа түсіпті. Отбасы оны Қазақстанға жеткізу үшін бір ай бойы медициналық эвакуация ұйымдастыруға күш салып, отандасымыз 18 сәуірде елге оралған.

Үндістанда емделіп жатқан. 16 жастағы жасөспірім С.Сәбит онкологиялық дертке шалдығып, ауруына ем іздеу үшін Үндістанға барған. Алайда ол жақта бозбаланы дертінен емдеп алу мүмкін болмаған. Бұл туралы марқұмның әпкесі Перизат Болатқызы биыл сәуір айында Threads желісінде арнайы жазба жариялап, мәйітін елге жеткізу үшін көмек сұраған.


Фото: threads.com/@perizatbolatkyzy5

Туыстарының айтуынша, жасөспірім энергетикалық сусындарды жиі ішіп, вейп шегетін. Соның салдарынан ауыр дертке шалдыққан.

Агенттік тілшісі қайғылы оқиғаға байланысты Сыртқы істер министрлігіне сұрау жолдағанда, тиісті консулдық рәсімдер аяқталып, марқұмның денесі жерлеу рәсімін өткізу үшін туыстарына табысталғанын хабарлады.

Бурятиядағы қар көшкіні. 28 сәуір күні Муй ауданында табиғи апаттан Қазақстан азаматы көз жұмды.


Фото: Бурятия Республикасының прокуратурасы

Технологиялық жолды тазалап жатқан тоғыз адамнан тұратын топты қар көшкіні басып қалған. Олардың үшеуі өз күшімен қар астынан шығып үлгерсе, қалған алтауы үйінді астында қалған. Оқиға орнында ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.

29 сәуірге қараған түні құтқарушылар алты адамның мәйітін тапты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандардың арасында Ресей азаматтары да бар.