Бурабайда есірткіге тең психотропты дәрілерді фармацевтердің өздері сатып жүрген (ВИДЕО)

Қарағанды мен Теміртау қалаларында да осындай жағдай болған

Бурабайда есірткіге тең психотропты дәрілерді фармацевтердің өздері сатып жүрген (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанның бірқатар қаласында есірткіге тең дәрілерді фармацевтикалық компаниялардың иелері сатып жүргені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар күшті әсер ететін дәрілерді Көкшетау, Щучье қалалары мен Бурабайда сатып жүрген. Заңсыз іспен айналысқан 11 адам бір мезетте ұсталды. Олардың арасында дәрі-дәрмек шығаратын компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және өзге де тұлғалар бар.

Полиция тінту барысында «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысын, сол сияқты осыған ұқсас басқа да препараттың шамамен 4 мың данасын тапқан. Одан бөлек, қару-жарақ, бірнеше көлік, ірі көлемде ақша тәркіленді.

ІІМ мәліметіне сүйенсек, Қарағанды мен Теміртау қалаларында да осындай жағдай болған. Орталық өңірде полицейлер 10 адамды ұстаған. Оларды тінту кезінде адам денсаулығына күшті әсер ететін психоактивті заттар, қару-жарақ табылған.

«Мұндай қылмыс қоғамға елеулі зардап келтіріп, адам өмірі мен денсаулығына ауыр зиян тигізеді. Күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасы тоқтатылды», – дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.