Балабақшадағы зорлық-зомбылық: бүлдіршіндерді ұрған тәрбиешілер қандай жазаға кесілді

Балабақшалардағы сұмдық жағдай әлеуметтік желіде тараған мәліметтерден белгілі болды

Балабақшадағы зорлық-зомбылық: бүлдіршіндерді ұрған тәрбиешілер қандай жазаға кесілді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Балабақшада тәрбиешілердің бүлдіршіндерге қол көтеруі – қоғамды алаңдатып отырған мәселелердің бірі. Мұндай іс үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан, балаларға күш көрсету әлі тыйылмай тұр. Azattyq Rýhy тілшісі соңғы жылдары балабақшаларда тәрбиешілердің балаларға қол көтерген оқиғаларын жинақтап, кінәлілерге қандай жаза қолданылғанына тоқталып өтті.

Павлодардағы резонансты жағдай. Облыс орталығындағы бұл жағдай бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндіргені анық. Тергеу барысында Павлодар қаласындағы №116 балабақшаның бұрынғы тәрбиешісі 16 баланы ұруды әдетке айналдырған белгілі болды. Оған қатысты іс «Қинау» және «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» баптары аясында қаралды.

Сот алдында жауап берген 33 жастағы әйел тағылған айыпты толық мойындады. Іс материалдары мен дәлелдерді қараған сот биыл сәуір айында оған 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.

«Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 5-бөліктерін басшылыққа алып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жеңіл жазаны неғұрлым ауыр жазаға өзгерту арқылы түпкілікті 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жұлдыз Камалова.


Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Сотта оның кішкентай балалары бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілді.

Жезқазғанда үш жасар бүлдіршінді ұрған тәрбиеші. Бұл іске прокурорлар араласып, тәрбиешінің үстінен қозғалған істі тексерген. Бейнебақылау камералары арқылы тәрбиешінің үш жасар баланы ұрып-соққаны анықталды.

Осы іс бойынша өткен жылдың сәуір айында сот тәрбиешіге 80 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, үш жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуына және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуіне тыйым салды.

Астанада болған іс. Астанада тәрбиешінің баланы жүйелі түрде ұрып-соққан сәттері камераға түсіп қалған. Оның бұл ісіне шамданған ата-анасы үстінен арыз жазып, аяғы қылмыстық істің қозғалуына жеткен.
Сотта тәрбиешінің 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында бүлдіршінді бірнеше рет ұрып, итеріп, дөрекі әрекеттер жасағаны айтылып, бейнежазбалар арқылы дәлелденді.

Сот тәрбиешіні 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегу жазасын тағайындады. Алайда 2025 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес, ол жазадан сытылып кетті. Сонымен қатар, балаларды ұрғаны үшін ата-аналарының моральдық өтемақы өтеу туралы талабы ішінара қанағаттандырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қостанайда тәрбиешінің соққысынан бүлдіршін жараланған. Бұл оқиға былтыр 14 наурыз күні болған.

Сот отырысында тәрбиеші кінәсін толық мойындап, қатты өкінетінін жеткізді. Осыған байланысты сот оның бұрын сотталмағанын және кішкентай баласы барын ескеріп, жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды.

Нәтижесінде, тәрбиеші 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар, ол үш жыл бойы педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі түрде еңбекке тартылды.

Орындыққа байлап қойып ұрған. Астанада ерекше балаларды аяқ киіммен ұрған балабақша тәрбиешісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл оқиға өткен айда ғана белгілі болды. Ал балабақша тәрбиешісінің балаларды ұрған сәті 2025 жылдың қазан айында түсірілген. Бұл жағдай елордадағы «Результат» балабақшасында болған.


Фото: Әлеуметтік желіде тараған видеодан скрин

«Бұл балалар сөйлей алмайды, тығылып та, қашып та құтыла алмайды. Өздерін қорғай да алмайды. Ерекше балалардың қандай болатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мұнда аутизм белгілері бар балалар ғана келеді. Біз оларды балабақшаға не үшін әкелеміз? Балабақша балаларға көмектесуі керек емес пе? Ал олар керісінше, балаларды ұрады», – дейді ата-ана.

Оқиға әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін ата-аналардың бірі балабақшадан бейнебақылау жазбаларын көрсетуді сұраған. Алайда оның айтуынша, мекеме қызметкерлері барлық камераны сөндіріп тастаған болып шықты.

«Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетуді өтіндім. Бірақ соңында олар барлық камераны өшіріп тастаған. Камералар ештеңе түсірмегенін айтады. Ерекше балалар тәрбиеленетін балабақшада бейнебақылау жүйесі қалай жұмыс істемей тұруы мүмкін?» – деді ата-аналардың бірі.

Аутизмі бар баланы қол-аяғын байлап ұйықтатпақ болған. Тараздағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші аутизмі бар баланы ұйықтату үшін аяқ-қолын байлап, қойған.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан баланың қол-аяғы байлаулы күйде төсекке жатқызылғанын, кейін қарсылық білдіріп, төсектен құлап түскенін көруге болады.


Фото: Видеодан скрин

Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр.