Семейде бес күннен бері іздестірілген ер адамның мәйіті табылды

Тұрғын 6 қарашадан бері байланысқа шықпай қалған

Семейде бес күннен бері іздестірілген ер адамның мәйіті табылды
Фото: Абай облыстық ПД

Семейде бес күн іздестірілген ер адам өлі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол үсіп қалған болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Абай облысында Семей қаласының жоғалып кеткен тұрғынын іздеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

1982 жылы туған Ринат Ахметов соңғы рет 6 қараша күні таңғы сағат 05:00 шамасында байланысқа шыққан. Содан кейін оның қайда екені белгісіз болған.

Іздеу жұмыстары барысында 9 қарашада жоғалған азаматтың көлігі Пятилетка, Нововасильевка және Алексеевка елді мекендерінің маңынан, Ертіс өзеніне жақын аумақтан табылған.

Кейін ер адамның мәйіті Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі далалық аумақтан анықталды.

«Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін», – деп жазылған полиция хабарламасында.

Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалады.

Іздестіру жұмыстарына 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде арнайы жасақтың 30 қызметкері, 10 құтқарушы, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және жоғалған азаматтың 10 туысы мен досы жұмылдырылған.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар қолдау көрсетіп, жетуі қиын аумақтарды тексеру үшін 12 трактор ұсынған. Құқық қорғау органдары іздеу кезінде екі квадроциклді пайдаланған.

Полиция департаменті марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.