Көлігінің үстіне шығып, шалшық суға қармақ салған: Ақтауда ер адам бірнеше айыппұл арқалады (ВИДЕО)
Оқиға 7 қараша күні Ақтау қаласындағы 17 және 18А шағынаудандары арасындағы жолда болған
Ақтауда ер адам жаңбыр суы толған көшенің ортасына көлігін тоқтатып, қармағын суға салған. Осылайша балық аулап отырған кейіп танытқан. Полиция оған бірнеше айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның бұл әрекеті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде жарияланды. Оқиға 7 қараша күні Ақтау қаласындағы 17 және 18А шағынаудандары арасындағы жолда болған.
Тәртіп сақшыларының назарын аударғаннан кейін Chevrolet Cobalt автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісін тексерген. Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша тәртіп бұзған болып шықты.
Полиция оның бұл ісін ұсақ бұзақылық деп қана қоймай, көлік жүргізетін куәлігі болмаса да рульге отырғанын және көлігі міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпегенін анықтады.
«Автокөлік айыптұраққа қойылды. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша сот шешімімен құқық бұзушыға 86 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», – делінген ІІМ хабарламасында.