«Келін – сырттан келген адам»: Қазақстандағы ер адамдар мүлікті неге әйелінің атына рәсімдемейді
Сарапшылар ортақ мүлікке қатысты әркімнің бөлек-бөлек құқығы бар дейді
Біреу салықтан жалтарып, енді біреуі басқа бір себептен көлігін досына, бизнесін туысына, ал үйді ата-анасының атына рәсімдейді. Бірақ олардың өзі бір күні «бұл менікі» деп шыға келсе, не істейсіз?
Мысалы, жақында Павлодарда жазатайым оқиғадан қайтыс болған кәсіпкердің әйелі мен 17 жастағы қызы үйсіз қалды. Осы оқиғадан кейін Azattyq Rýhy тілшісі мүлікке қатысты мәселелерді зерттеп көрді. Бізбен тілдескен сарапшылар өз мүлкіңізді өзгенің атына рәсімдеудің арты неге әкеп соғатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Далада қалған жесір мен жетім не істейді
Павлодардағы оқушы қыздың айтуынша, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, өзінікі деп санаған баспанасы заң жүзінде әжесінің атына рәсімделген болып шықты. Күйеуі кенет қайтыс болып, отбасы қара жамылған сәтте, марқұмның анасы оларды қуып жіберген. Олардың айтуынша, үйді ер адам бизнестен түскен қаржыға сатып алған. Әжесі болса оны күйеуі екеуі сатып алып, ұлына уақытша берген көрінеді. Дегенмен бұл оқиға резонанс тудырды: әлеуметтік желідегі әйелдер экс-жолдастарынан дәл осындай сатқындық көргендерін, неше жыл тұрған үйлері ажырасарда аяқасты біреудің атына жазылған баспана болып шыққанын жазып жатыр.
Сондықтан заңгер Нұрсұлтан Орынбекпен кездесіп, жағдайды саралап көрдік. Ол бізге әуелі адам қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған мүлікті бөлудің кезегін түсіндірді. Мүліктің келесі иесі ретінде ең бірінші әйелі мен балалары қарастырылады. Кейінгі қатарда ата-анасы, ал үшінші кезекте бауырлары тұрады. Егер бірінші санаттағы адам бас тартса, мұра екінші кезекке өтеді. Бұл қазіргі Азаматтық кодекстегі баптар бойынша реттеледі.
Ал Павлодардағы жағдайда мәселе күрделі дейді ол. Себебі үйді сатып алған кездегі құжаттарға назар аудару керек. Дегенмен, бұл тығырықтан шығудың да жолдары бар.
«Баспананы сот арқылы қайтарып алуға болады. Ол үшін бүкіл айғақты түгендеу керек. Мысалы, әйел өзінің үй іздегенін, риелтормен кездескенін дәлелдеп, чек пен құжаттарды, тіпті куәгерлерді жинап, азаматтық сотқа талап арыз бере алады немесе сатып алу-cату келесімшартын заңсыз деп есептеуін сұрап, шағымданады. Тағы маңызды жайт, негізгі келісімге дейін күйеуі немесе әйелі алдын ала келісімшартқа қол қойған болуы мүмкін. Осы процеске өздерінің қатысы бар екенін көрсететін кішкентай айғақтың өзі сотта үлкен көмек береді», – деді заңгер.
Бұл даудағы ең маңызды фактор – кәмелетке толмаған баланың тағдыры. Заңгердің айтуынша, Қазақстан халықаралық конвенцияларды ратификациялаған мемлекет ретінде бала құқығын қорғауға ерекше мән береді.
«Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес, кез келген мемлекеттік орган шешім шығаратын кезде баланың құқығына басымдық береді», – деп түсіндірді заңгер.
Қай кезде нотариалды келісім талап етеді
Заң бойынша отбасылы адамдар ортақ мүлікке қатысты шешім қабылдағанда жұбайының да келісімі ескерілу керек. Бірақ мына жайтты да ескерген жөн. Мысалы:
- Бірінші жағдай (өз атындағы мүлікті аудару): егер ерлі-зайыпты ортақ мүлікті басқа біреуге сататын\сыйлайтын\рәсімдейтін болса, міндетті түрде нотариалды куәландырылған келісім талап етіледі.
- Екінші жағдай (үшінші тараптан сатып алу): кез келген мүлікті сатып алатын кезде тікелей анасы\әкесі\туысы\басқа адамның атына рәсімдейтін болса, жұбайының нотариалды келісімі қажет емес. Яғни, сіз тек ақша берген адам ретінде есептелесіз.
Бірақ мүлікке қатысыңыз бар екенін дәлелдеуге болады. Мысалы, Нұрсұлтан Орынбек жүргізген істің бірінде дәл осындай жағдай болған. Әйелі мен күйеуі ажырасар кезде, келіншек атасының атына жазылған үйді бөлуге арыз жазып, істі жеңіп шықты. Себебі жаңа үйді алу үшін олар бұрынғы пәтерін сатқан. Онымен қоса бұрынғы күйеуі алдын ала келісімшартқа өзі қол қойып, ақшаны есепшотқа өзі салған.
Бірақ, дәл қазір, өкінішке қарай, ешқандай нотариалды келісімсіз-ақ ХҚКО-ға барып, көлікті өзге адамның атына аударға болады. Заңгер заңнамадағы дәл осы тұстың ақсап тұрғанын айтты.
Декларациядан қорқып, мүлкін басқаның атына рәсімдейді
Бәрімізге белгілі, мемлекеттік қызметте жүргендер декларация тапсыру кезінде активтерін көрсетпеу үшін, ал кейбір кәсіпкерлер сот дауы болған жағдайда мүлкінің тәркіленуінің алдын алу үшін, кейбірі түрлі жеңілдікті пайдалану үшін осы қадамды дұрыс деп ойлауы мүмкін. Дегенмен, салықтан қашамын деп баспанасыз қалуыңыз әбден мүмкін. Мысалы күйеуі мен әйелі өзара келісіп, өз баспаналарын құжат жүзінде күйеуінің немесе әйелінің әке-шешесіне берді делік. Жақыныңыз аяқасты дүние салса, оның атындағы баспана мұрагерге өтеді. Яғни, Нұрсұлтан Орынбек түсіндіргендей, қайтыс болған адам өсиет қалдырмаса, оның атындағы мүліктің иесін анықтау үшін алты ай керек. Бұл аралықта ешкім, ешқандай әрекет жасай алмайды. Бағана түсіндіргеніміздей, заң бойынша бірінші кезекте жұбайы мен балалары мұрагер болады. Сәйкесінше сіздің бір кезде сеніп, анаңызға немесе әкеңізге тапсырған мүлкіңізге бауырыңыз да таласуы әбден мүмкін. Оған құқы бар. Өзі мұрагерліктен бас тартамын демесе, ол мүлік бөлінеді.
«Бұл өте жиі кездесетін оқиғаның бірі. Тіпті үлкен қаладағы қымбат жылжымайтын мүлік түгілі, ауылдағы құны орташа, қарапайым үйге де таласатын туған-туыс көп», – дейді сарапшы.
Ажырасқаннан кейін ортақ дүние қалай бөлінеді
Өз мүлкін басқа біреудің атына жазудан бөлек, адамдар ажырасқанда туындайтын өзге де дау өте көп дейді заңгер. Бірақ, бұрынғы ерлі-зайыптының екеуіне де тең құқық, екеуіне де тең мүлік бар дейді. Дәлірек айтқанда,
- Отбасын құрғаннан кейін алынған дүниенің бәрі – ортақ. Егер неке шартында нақты жазылмаса, ажырасқан жағдайда ол теңдей бөлінеді. Мүлік кімнің атына жазылса да, оны алу үшін кімнің қанша ақша қосқаны да маңызды емес;
- Сыйлық және үйленгенге дейін алынған дүние бөлінбейді;
- Ажырасқан отбасының көбі тап болатын басты қиындық – мүліктің кепілде болуы. Ол бірден екіге бөлінбейді. Себебі бұл жерде банктің де мүддесі қарастырылады.
- Жылжымайтын мүлік пен көлік секілді неке құрғаннан кейін тапқан кез келген пайда – мал, жер, шаруа қожалығы, бағалы қағаздар немесе акциялар да ортақ дүние. «Неке және отбасы туралы» кодексінің 39-43 баптарында бұл нақты жазылған.
«Өзіңіге жеке үй сатып алмайынша, тұрмысқа шықпаңыз»
Адвокат Жанна Уразбахова да сұхбаттарының бірінде ортақ дүние бөлінгенде, тіпті баланың кіммен қалатыны да ескерілмейді деп, дабыл қаққан болатын. Сонымен қатар бірнеше кейс талдап, көрерменге түсіндіріп берген еді. Оның айтуынша, тойға тарту ретінде ата-анасы қызына пәтер сыйлаған. Алайда ол қыздың атына неке тіркелгеннен кейін рәсімделген. Яғни пәтер қалыңдықтың атына жазылғанымен, құжат бойынша ол некеден кейін алынған мүлік ретінде саналады. Кейін лудоман күйеуінің қарыздарының кесірінен кредиторлар пәтерді сатуға шығарған.
«Үйде тек бір адамға сеніп отыруға болмайды. Мысалы жолдасын көлік қағып немесе басына кірпіш құлауы мүмкін. Яғни өмірде түрлі жағдай болады. Әр екі-үш ай сайын күйеуі аяқастынан сотталған әйелдер көмек сұрайды. Тінту келіп, жолдасын алып кетеді. Кейін ол жеті жылға сотталды. Оның үстіне, үйі мен басқа да мүлкі ата-анасының, туыстарының немесе достарының атына рәсімделген болса, сонда әйелі не істейді? Ол баласымен қайда барады?», – дейді адвокат.
Сондықтан ол қыз-келіншектерге отбасын құрмай тұрып, жеке баспана алуға кеңес береді.
«Келін – сырттан келген адам»: Қазақстандағы ер адамдар мүлікті неге әйелінің атына рәсімдемейді
Қазақстанда көп жағдайда ортақ мүлік әйелдің атына жазылмайтыны рас. Бұның себебін әлеуметтанушы Айгүл Сейтжанқызынан сұрадық. Айтуынша, қазақ қоғамында «үй де, жер де әулеттікі» деген түсінік әлі де берік сақталған. Әрі көбіне келінді әулеттің толыққанды мүшесі емес, сырттан келген адам ретінде қабылдайды. Сондықтан кей ер адамдар бай-дәулетін туысының атына жазып, «әулеттің байлығын сақтадым» деп ойлайды.
«Оның үстіне қазір ажырасу көбейді, сол үшін мүліктің жартысын алып кетеді деп қорқады. Отбасы мен әйелдердің ақысыз еңбегін зерттеп жүрген маман ретінде айтарым, бұл жерде әйел ең көп зардап шегеді. Ол жылдар бойы үйдегі жұмысты реттеп, бала тәрбиелейді, ал ажырасқанда не күйеуі қайтыс болғанда баспанасыз қалуы мүмкін. Сондықтан отбасында бұл тақырып ашық талқылану керек. Қажет болса, неке шартын жасаған жөн. Мүлікті бірге рәсімдеу – бір-біріне сенудің белгісі», – дейді Айгүл Сейтжанқызы.
Асып-тасқан дәулетіңіз болмаса да, неке шартын жасаңыз
Қазақстанда некеге отырғандар келісімшарт жасайтын тренд енді-енді басталған. Себебі «бизнесім мен миллиондаған ақшам жоқ, неке келісімшартын не қыламыз» деп ойлайтындар көп. Заңгер бұл таптаурынның мүлде қате екенін айтады.
Шын мәнінде, «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, бұл келісімшартты тек мүлік пен бизнеске ғана емес, отбасыдағы өзге де міндеттерге қатысты келісім жасауға болады. Мысалы мүлік пен үлестерді бөлуден бастап, екіге кеткен жағдайда кімге, қанша пайыз қалатынын, қарыз бен несие жауапкершілігін, отбасылық шығындарды, баланың сапалы білім алуына жұмсалатын шығын, отбасыны қамтамасыз ету мен жұбайлардың міндеттері деген секілді тармақтарды көрсетуге рұқсат. Бірақ кодекстегі 41-баптың 3 тармақшасына сәйкес, неке келісімшартына балалардың күнделікті тәрбиесіне қатысты шарттарды енгізуге тыйым салынған.
«Бұл отбасын бұзудың емес, керісінше, кез келген тосын жағдайда ерлі-зайыптылардың құқығын қорғайтын тиімді заңды құрал», – деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Орынбек.