Жаңа туған шақалақпен жолға шыққан: Астана – Петропавл тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды (ВИДЕО)

Апаттан алты адам зардап шеккен, төрт күндік нәрестенің жағдайы ауыр 

Жаңа туған шақалақпен жолға шыққан: Астана – Петропавл тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Астана – Петропавл тасжолында болған жол апатынан кейін төрт күндік нәресте Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Sinegor.kz таратқан мәліметке сәйкес, жол апатынан барлығы алты адам зардап шеккен.

Апат 7 қарашада Көкшетау маңындағы автожолдың 312-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Volvo жүк көлігі мен екі жеңіл автокөлік – Hyundai Genesis және Lada Granta соқтығысқан.

Зардап шеккендердің арасында жаңа туған нәрестеден бөлек, 13 жастағы бала, бірнеше әйел және бір ер адам бар. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың түрлі деңгейдегі жарақаттары анықталған. Атап айтқанда, сыну мен соғылу жарақаттары бар.

Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілген.

Полиция соқтығысуға не себеп болғанын және оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.