«Туған-туысымнан қорқамын: Қазақстанда әжесі туған немересін үйінен қуып жіберген

17 жастағы жасөспірім әлеуметтік желіде  бар шындықты айтты

«Туған-туысымнан қорқамын: Қазақстанда әжесі туған немересін үйінен қуып жіберген
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Әлеуметтік желіде 17 жастағы қыздың видеожолдауы тарады. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін туыстарымен арада жанжал туындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әкем жазатайым оқиғадан қайтыс болды. Оны ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін қиын кезең басталды. Кезінде ата-анам үшеуіміз бірге тұрған үй қауіпке айналды. Тіпті бөлмемнен шығуға қорықтым, әкемді ойлап қайғыруға да мұрша болмады», – дейді жасөспірім.

Қыздың айтуынша, әкесін жерлегеннен кейін үйде ұрыс болып, туыстары анасы екеуіне ауыр сөз айтып, қорлаған. Мұны үйдегі бөгде адамдар да көрген.

«Екі жаққа да жақын адамнан айырылған соң қайғыма ортақтасып, бірге боламыз деп ойладым. Өкінішке қарай, бәрі керісінше болды.  Олар мені өз үйімнен қуды», – дейді ол.

Ол тіпті бөлмесіне бейнебақылау камерасын орнатқан.  Десе де жоспары іспе аспаған, керісінше әпкесі бұл ісін қылмысқа  теңеген.

«Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін камера орнаттық. Туыстарым бөлмеме кіріп, заттарымды ақтарып жүргендей көрінетін. Күдігім рас болып шықты. Себебі бір-ақ күннен  кейін олар камераны алып тастады», – деп жылады бойжеткен.

Видеоның соңында әкесінен айырылған қыз әпкелеріне үндеу жасады.

«Әлеуметтік желіге  қарумен видео салып, кек қайтару жайлы айттың. Енді кезек маған келе ме? Мені де осылай қорқытасың ба? Бұл видеоны отбасымды, әкемнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін түсірдім. Өйткені оны өз әпкесі таптап кетті», – деп мәлімдеді ол.

Жасөспірімнің туыстары бұл жағдайға қатысты қандай пікірде екені әзірге белгісіз.