760 мың теңгеге дейін: Тоқаев қай салада еңбек етіп жүрген дәрігерлердің жалақысын арттыратыны белгілі болды
Қазақстанда қай салада еңбек етіп жүрген дәрігерлерге қосымша ақы төленеді
Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының учаскелік қызметіндегі 77 мың дәрігерге қосымша ақы төленетін болды. Аталған медициналық ұйымдарда кімдер еңбек етіп жүр? Денсаулық сақтау министрлігі оларға қосымша ақы қалай төленетінін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып өткен.
МСАК ұйымдарында кімдер еңбек етеді?
Сонымен Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында кімдер еңбек етіп жүр? «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 123-бабының 3-тармағына назар аударсақ, олардың тізімі төмендегідей:
- жалпы практика дәрігерлері (отбасылық дәрігерлер);
- учаскелік терапевтер;
- педиатрлар;
- фельдшерлер;
- акушерлер;
- кеңейтілген практика (жалпы практика) мейіргерлері;
- учаскелік мейіргерлер;
- әлеуметтік жұмыскерлер;
- денсаулық сақтау саласындағы психологтар.
Қосымша ақы 50 пайызға дейін өсуі мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі президент жолдауынан кейін дәрігерлерге төленетін қосымша ақының мөлшері еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты екенін айтты. Ал оның мөлшері ақхалатты мамандардың қазіргі жалақысының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Қосымша ақы мынадай мөлшерде белгіленбек:
- 2 жылдан астам еңбек өтілі – 20%-ы;
- 3 жылдан астам еңбек өтілі – 30%-ы;
- 5 жылдан астам еңбек өтілі – 50%-ы.
Ведомство мәліметінше, бұл шара медицина мамандарын, әсіресе алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар мен ауылдағы медицина мекемелерінде тұрақты жұмыс істеуі үшін ынталандыруға бағытталған.
Ауыл мен қалада жұмыс істейтін дәрігерлерге төленетін ақы
Министрлік қосымша ақы енгізілгеннен кейін ауылды жерлердегі дәрігерлердің жалақысы 760 мың теңгеге дейін, ал қалаларда 607 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін жариялады. Ол жоғарыда айтылғандай, дәрігерлердің еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты болмақ.
«Ауылды жерлерде ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін көбеюі мүмкін. Қалаларда ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін артуы ықтимал», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство сол сияқты еңбек өтілі аз дәрігерлердің де жалақысы артатынын айтты. Яғни ауылдағы дәрігерлердің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін көбеюі мүмкін.
Ал қалаларда еңбек өтілі ең аз жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін артуы мүмкін.
Бұдан бөлек, осы салада еңбек етіп жүрген психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Оларға түсетін психоэмоциялық жүктемесі үшін қосымша ақы енгізу мәселесі қарастырылып отыр.