«Мектеп тек технологияны үйрететін орта емес»: депутат президенттің Жолдаудағы бастамасын тарқатып берді (ВИДЕО)
Айрат Базенов Президент Жолдауында айтылған өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен педагог мәртебесін көтерудің маңызын айтты
Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір кейбір оқушы ұстазға дөрекі сөйлейтіні, тіпті, кей жағдайда күш қолданатыны алаңдататын мәселе екенін айтқан. Осы ретте Құрылтай депутаты Айрат Базенов Жолдауда айтылғандай, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен педагог мәртебесін көтеру ортақ міндет екенін еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның пікірінше, мектеп тек білім мен технологияны меңгертетін орын емес, сонымен қатар бала бойына адами құндылықтарды сіңіретін орта болуы керек.
Айрат Базеновтің айтуынша, Қазақстан халқының 34 пайызын балалар құрайтыны және елде 7 миллион баланың өмір сүріп жатқаны – ұлттың жас екенін көрсететін маңызды демографиялық көрсеткіш. Алайда бұл жағдай мемлекет пен қоғамға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Депутат балалардың қандай білім алып, қандай тәрбие көретіні және олардың бойына қандай құндылықтар сіңетіні ел болашағын айқындайтынын айтты.
«Халқымыздың 34 пайызы – балалар. Қазақстанда 7 миллион бала бар. Бұл менің ұлтымның өте жас ұлт екенін көрсететін көрсеткіш. Бірақ осы жерден үлкен жауапкершілік туады. Осы балалардың қандай білім алып, қандай тәрбие алып, қандай құндылықтарды бойына сіңіру мәселесі ең маңызды мәселе деп ойлаймын», – деді ол.
Педагог мәртебесі – білім сапасының маңызды шарты
Депутат Президент Жолдауында педагог мәртебесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұғалімнің өз міндетін сапалы атқаруы үшін ата-аналар мен қоғам тарапынан қысым болмауы керек.
Ұстаздың басты міндеті – оқушыға білім берумен шектелмей, оның білікті маман әрі адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген азамат болып қалыптасуына ықпал ету.
«Қоғамның тарапынан, ата-аналардың тарапынан ұстазға қысым түспеуі керек. Ұстаздың ең басты мақсаты – оқушының жоғары білікті маман болуына, ерекше адами құндылықтарды бойына сіңіруіне қажетті ұстанымдарды қалыптастыру», – деді Айрат Базенов.
Ол қоғамда мұғалім мен оқушы, ата-ана мен педагог арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындап жатқан келеңсіз жағдайларды да назардан тыс қалдырмау керегін айтты. Депутат мұндай оқиғаларды бүкіл қоғамға тән құбылыс ретінде қарастыруға болмайтынын, алайда олардың себептерін зерделеу маңызды екенін жеткізді.
Жасанды интеллект пен цифрландыру адамгершілікті алмастырмауы керек
Айрат Базенов жас ұрпақты тәрбиелеу кезінде заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, оқушылар жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологиялар саласындағы жетістіктерді меңгеріп, оларды қолдануға қажетті дағдыларды игеруі керек.
Алайда технологиялық біліммен қатар, адами құндылықтарға да басымдық берілуі қажет.
«Жас ұрпақты тәрбиелеген кезде технологияның, жасанды интеллекттің, цифрландырудың ең жоғарғы жетістіктерін пайдаланып, оқушылардың бойына соларды игеруге байланысты дағдылар мен әрекеттерді қалыптастыруымыз керек. Бірақ ең маңыздысы – адами құндылықтар», – деді депутат.
Оның айтуынша, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірмеген бала қоғамдағы түрлі жағдайларда дұрыс ұстаным қалыптастырып, өзгелермен сындарлы қарым-қатынас орнатуда қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Депутат мектептерде мұғалімге қарсылық көрсету, тіпті күш қолдану жағдайларының орын алуын да осы мәселемен байланысты қарастыру қажет деп есептейді.
Мектептің міндеті – білім беру ғана емес
Айрат Базеновтің пікірінше, білім беру жүйесінің тиімділігі тек оқушылардың академиялық жетістіктерімен өлшенбеуі керек. Мектеп баланың бойында жауапкершілік, құрмет, ізгілік және қоғаммен дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға да үлес қосуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, инфрақұрылымды жаңарту, жаңа мектептер салу және заңнаманы жетілдіру сияқты міндеттермен қатар, балалардың тәрбиесі мен педагог мәртебесін көтеру де мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы қажет.
«Мектеп тек қана жаңа ортаны, технологияны үйрететін орта емес. Ол – адами құндылықтарды оқушының бойына сіңіретін орта», – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.
Депутаттың пайымынша, заманауи білім мен берік адами құндылықтарды ұштастыру – Қазақстанның жас ұрпағын болашаққа дайындаудың негізгі шарттарының бірі.