«Қымбат махаббат»: Астаналық әйелдің бұрынғы сүйіктісі телефонын ұрлап, 2,65 млн теңге несиеге батырып кетті

33 жастағы ер адам полицияға жеткізіліп, кінәсін мойындады

«Қымбат махаббат»: Астаналық әйелдің бұрынғы сүйіктісі телефонын ұрлап, 2,65 млн теңге несиеге батырып кетті
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында 33 жастағы ер адам бұрын бірге тұрған әйелінің телефонын ұрлап, ондағы банк қосымшасы арқылы оның атына несие рәсімдеді деген күдікке ілінді. 23 жастағы астаналық әйел қарызы бар екенін кейін білген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу нұсқасы бойынша, биыл қазан айында күдікті бұрынғы бірге тұрған әйелінің ұялы телефонын ұрлап, банк қосымшасы арқылы оның атына 2 миллион 650 мың теңге несие рәсімдеген. Қарыз туралы кейін білген жәбірленуші 5 қарашада полицияға жүгінген.

Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы мен жүрген жері анықталған. Сол күні 33 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, кінәсін мойындаған.

Осы оқиғаға байланысты полиция азаматтарды жеке деректер мен қаржылық қауіпсіздікті қорғауға мұқият болуға шақырды.

«Ұялы телефоныңызды, құпиясөздеріңізді, PIN-кодтарыңызды және банк қосымшаларына кіру деректерін бөгде адамдарға бермеңіз. Бұл талапты жақындарыңыз бен таныстарыңызға қатысты жағдайда да сақтаған жөн. Экранды сенімді құпиясөзбен қорғап, банк сервистерінің құпиясөздерін ашық жерде сақтамаңыз. Телефон жоғалған немесе ұрланған жағдайда SIM-картаны және банк қосымшаларына қолжетімділікті дереу бұғаттап, полиция мен банкке хабарлаңыз», – деп ескертті полиция департаментінен.