Әйеліне пышақ ала жүгірген: Абай қаласында отбасылық жанжал қанды оқиғамен аяқталды
Күдікті күйеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қарағанды облысында отбасылық жанжал пышақ жарақатымен аяқталды. Абай қаласында ер адам жанжал кезінде өз әйелін пышақтап тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан белгілі болды. Куәгерлердің айтуынша, 28 жастағы әйел ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Полицияға жедел медициналық жәрдем диспетчерінен Абай қаласының 28 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен медициналық көмекке жүгінгені туралы хабарлама түсті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушінің 34 жастағы күйеуі анықталып, ұсталды», – деп мәлімдеді ведомство.
Полицияның алдын ала мәліметінше, ерлі-зайыптының арасында сөзге келіспеушілік туындап, жанжал барысында ер адам пышаққа жүгінген. Қазір зардап шеккен әйел дәрігерлердің бақылауында.
Шабуыл жасаған ер адам қамауға алынды.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.