Ақтөбеде ер адамның экс-әйелін өлтіріп кеткені туралы ақпарат тарады
Полиция болған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады
Әлеуметтік желіде Ақтөбеде өткен түнде әйел адамды экс-күйеуі өлтіріп кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы марқұмның туысы Threads желісінде арнайы жазба жариялады.
«Кеше түнде Ақтөбеде әпкемді бұрынғы күйеуі өлтіріп кетті. Артында бір баласы қалды. Еркектер, сендерге не болып барады? Жап жас қызды қорлап өлтіріп тастады, өзі түрмеге кетті, кішкентай қызы қалды, жетім болып. Алла жазасын берсін! Бұл біз үшін ауыр қайғы. Жауыма да тілемеспін», – деп жазды марқұмның туысы.
Агенттік тілшісі осы жағдайға байланысты облыстық Полиция департаментіне жүгініп, мән-жайды анықтады. Полицияның мәліметінше, қазір қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Ал осыған дейін олардың арасында тұрмыстық жанжалдар болғаны туралы полицияға арыз-шағым мен хабарламалар түспеген», – дейді ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.