Жаңа Азаматтық кодексті әзірлегенде неге мән беру керек: заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов түсіндірді
Құжаттың Жалпы бөлімі 1994 жылы, Ерекше бөлімі 1999 жылы қабылданған
Қазақстанға жаңа Азаматтық кодекс керек. Оған бірнеше себеп бар. Қазіргі құжаттың Жалпы бөлімі 1994 жылы, Ерекше бөлімі 1999 жылы қабылданған. Содан бері елдің экономикалық қатынастары, технологиялар, мәміле жасау тәсілдері мен мүліктің түрлері едәуір өзгеріске ұшырады. Сондықтан жаңа Кодекс заман талабына сай әзірленіп, азаматтардың құқықтарын қорғап, экономикалық қатынастарды реттеуге арналуы керек. Бұл туралы ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшының айтуынша елде қабылданған жаңа Конституция Азаматтық кодексті жаңартуға сеп болды.
«Қолданыстағы Кодекс басқа конституциялық-құқықтық жағдайда әзірленген. Жаңа Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жарияланды. Сондықтан әрбір құқықтық норма адамның өз құқығын қаншалықты түсініп, қорғай алатыны тұрғысынан бағалануы керек. Адамның жеке мүліктік емес құқықтары, соның ішінде қадір-қасиеті, жеке өміріне қол сұғылмауы және цифрлық ортадағы дербес деректерінің қорғалуы толық қамтамасыз етілуі тиіс. Меншіктің барлық түрі заң алдында бірдей қорғалуы керек. Жеке меншік пен мемлекеттік меншікке қатысты құқықтық талаптар да бірдей болуы тиіс. Сонымен қатар жоспарлы экономика кезеңінен қалған ескі заң нормаларынан бас тарту қажет. Азаматтар мен кәсіпкерлер өзара келісім жасап, экономикалық қатынастарды еркін жүргізе алуы керек. Олардың бұл еркіндігін заңда көзделген жағдайда ғана шектеуге болады. Мұндай шектеулер қоғамдық тәртіпті, басқа адамдардың құқықтарын немесе келісімдегі жағдайы әлсіз тараптың мүддесін қорғау үшін енгізілуі тиіс. Меншік, мұрагерлік және кәсіпкерлік құқықтарының кепілдіктері шарт еркіндігі, адал сатып алушыны қорғау, сондай-ақ адамның өз еркі мен отбасының мүддесін ескеретін мұрагерлік нормалары арқылы дамуы керек. Конституциялық құндылықтар Кодекстегі әрбір құқықтық институттың сапасын бағалайтын өлшемге айналуы тиіс», - деді ол.
Сарапшы қолданыстағы Кодексте бұрынғы коммунистік жүйеден қалған кейбір құқықтық тәсілдер әлі де бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, жекелеген баптарға түзету енгізу арқылы мұндай мәселелерді толық шешу мүмкін емес.
«Мәселе тек ескірген жекелеген нормаларда емес, азаматтық заңнаманың тұтас құрылымында. Сондықтан жаңа Кодексті әзірлеу кезінде жүйелі тәсіл қажет. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада өзін тиімді жағынан көрсеткен құқықтық институттардан бас тартудың қажеті жоқ. Оларды сақтап, заман талабына сай жетілдіру маңызды», – дейді ол.
Сарапшы келтірген мәліметке сәйкес, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2026 жылға қарай Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімі бойынша 195, Ерекше бөлімі бойынша 179 нөмірленген жазба тіркелген. Бұл сандар нақты енгізілген түзетулердің санын білдірмейді, бір өзгеріс бірнеше бапты қамтуы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, жаңа Кодексті әзірлеу кезінде әрбір жаңа технологияға арнап жеке құқықтық режим енгізуге ұмтылмай, ұзақ уақыт бойы қолдануға болатын ортақ ережелер қалыптастыру керек.
«Мысалы, цифрлық ортада тауар сатып алған кезде физикалық тасымалдағышқа меншік құқығын, келісім бойынша алу құқығын және автордың айрықша құқықтарын бір-бірінен ажырату қажет. Сатып алушының қандай құқыққа ие болатыны сатушының тауарды қалай атағанына емес, тараптар арасында жасалған мәміленің мазмұнына байланысты болуы керек. Осындай тұрақты құқықтық қағидаттар технология өзгерген сайын заңға қайта-қайта түзету енгізу қажеттілігін азайтады», – деп түсіндірді сарапшы.
Ермек Абдрасулов жаңа Кодексті әзірлеуде Франция мен Германия тәжірибесін де ескеруге болатынын айтты. Бұл елдердің азаматтық кодекстері 1804 және 1900 жылдары қабылданған. Кейін көптеген реформадан өтсе де, негізгі құқықтық құрылымын сақтап қалды.
«Жаңа Кодексті әзірлеу кезінде Әділет министрлігі Жоғарғы Сотпен, адвокаттармен, ғалымдармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Ең алдымен, сот тәжірибесін терең талдау қажет», – дейді заң ғылымдарының докторы.
Сарапшының пікірінше, жаңа Азаматтық кодекстің тиімділігі оның азаматтар мен кәсіпкерлердің күнделікті өмірінде қандай құқықтық кепілдік беретінімен өлшенуі керек.
«Қарапайым азаматқа өз үйін қорғау, берген ақшасын қайтарып алу, келісімшарт талаптарының орындалуын талап ету және келтірілген залалды өтету сияқты жұмыстар маңызды. Ал кәсіпкерлер үшін заң талаптарының түсінікті әрі тұрақты болуы, өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болуы маңызды. Жаңа Азаматтық кодекс меншік, шарттар мен цифрлық активтер туралы ғана емес, ең алдымен сенім, құқықтық айқындық және әділдік туралы заң болуы керек», – деп түйіндеді Ермек Абдрасулов.