«Кінә менде»: Қостанай әкімі қаладағы оқыс жағдайға қатысты түсініктеме берді
Жуырда ғана ашылған ту тұғыры бораннан бұзылып қалды
Қостанайда Жастар сарайының маңындағы тұғырдан мемлекеттік ту түсірілді. Өткен демалыс күндері қатты желдің салдарынан механизм туды автоматты түрде түсірген, алайда оның жыртылып қалғаны анықталды. Осы жағдайға қала әкімі Марат Жүндібаев өзі кінәлі екенін айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Alau.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ту орнатылған тұғыр 25 қазан – Республика күні салтанатты жағдайда ашылған. Марат Жүндібаевтың айтуынша, жергілікті мамандардың ту тұғырын ұстап, күтім жасайтын тәжірибесі болмаған.
Қала басшысы аппарат отырысында ауа райы қолайсыз кезде не істеу керектігін ойластыруды тапсырды. Туды түсіргеннен кейін оны әдемілеп бүктеу керектігін немесе конструкциясы мүмкіндік берсе, шешіп алу қажет екенін айтты.
«Ең алдымен, әрине, кінә менде. Бірақ таңертең және кешке тудың жағдайын бақылап отыратын қарауыл керек», – дейді Марат Жүндібаев.
Әкім өз сөзінде осы жағдайға байланысты тұрғындар хабардар еткенін айтып өтті. Сол сияқты туды дәл қазіргі күйде ілуге болмайтынын әрі үнемі бақылап отыру керектігін айтты.
Мемлекеттік тудың тұғырға қайтадан қашан көтерілетіні сол қалпы айтылған жоқ.