Жарма ауданында алтын іздемек болған бір топ жігіт 5 қабат үйдің тереңдігіндей жерді қазып тастаған

Соның салдарынан 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген

Жарма ауданында алтын іздемек болған бір топ жігіт 5 қабат үйдің тереңдігіндей жерді қазып тастаған
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Абай облысының Жарма ауданында бір топ адам ешкімге айтпай алтын өндіремін деп жерді 15 метр тереңдікке дейін қазып, күл талқанын шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар ешкімнен рұқсат алмастан Жаңғызтөбе ауылынан 10 шақырым жерде алтын өндірген. Құрамында алтыны бар кенді қазып алған соң арнайы жабдықтардың көмегімен шайып отырған. Олар осылайша алтын іздейміз деп шамамен 5 қабат үйдің тереңдігіндей жерді қазып тастаған.

Ал заңсыз қазып алған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан көрінеді. Соның салдарынан 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

«Жедел іздестіру барысында осы іске қатысы бар тоғыз адам ұсталды. Алтын өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған түрлі жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді. Тергеу жүріп жатыр», – делінген ҚМА хабарламасында.

Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.