«Аукционнан арзан көлік әперемін»: Көкшетау тұрғыны бес адамды 41 миллион теңгеге алдап кетті

Аукционнан арзан көлік алып беруге уәде еткен ер адам үш жыл ішінде бес азаматтан 41 миллион теңгеден астам ақша алған

«Аукционнан арзан көлік әперемін»: Көкшетау тұрғыны бес адамды 41 миллион теңгеге алдап кетті
Фото: istockphoto.com

Көкшетауда бес қазақстандықты алдап, ақшасын иемденген ер адамға қатысты тергеу жүріп жатыр. Ол азаматтарға аукционнан көлікті арзан бағаға алып беруге уәде еткен. Алайда соңында жәбірленушілер көліксіз де, ақшасыз да қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, Көкшетау қаласының 40 жастағы тұрғыны алаяқтық схемасын 2023 жылы ойластырған. Ол туыстары мен таныстарына Астанадағы аукционнан көлік алып беруді ұсынып, нарықтағы бағадан төмен бағаға сатып алуды ұйымдастыра алатынына сендірген.

«Сенімді арттыру үшін ер адам ақшаны кезең-кезеңімен төлеуді ұсынған. Алдымен бастапқы жарнаны беріп, қалған соманы көлікті алғаннан кейін төлеуге болатынын айтқан. Танысына сенген азаматтар оған қомақты қаражат тапсырған», – деп мәлімдеді Ақмола облысының Полиция департаменті.

Жәбірленушілердің бірі – Көкшетау қаласының 38 жастағы тұрғыны. Ол күдіктіге 11 миллион 559 мың теңге берген. Жалпы үш жыл ішінде алаяқ бес адамнан 41 миллион теңгеден астам ақша алған.

Алайда ер адамның уәдесі орындалмаған. Жәбірленушілер көлік те алмаған, ақшасын да қайтара алмаған. Ал күдікті әр жолы түрлі сылтау айтқан. Азаматтар полицияға арыздана бастаған кезде ол тергеуден жасырынып, біраз уақыт іздеуде болған.

«Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – деді Ақмола облысының Полиция департаменті.

Полицейлер туыстармен немесе таныстармен жасалған мәмілелердің өзінде ұсыныстың шынайылығын тексеріп, келісімшарт рәсімдеуге және ақшаны растайтын құжаттар болған жағдайда ғана беруге кеңес береді.

Нарықтағы бағадан едәуір арзан көлік алып беруге уәде ету де сақтықты қажет ететін белгі екенін ескертеді.