Қазақстандық тур компаниялар Меккедегі қазақ қызын алдап, миллиондаған қарызға батырған
Ол басынан өткен жағдай туралы айтып, арнайы видео жариялады
Қазақстандық тур компаниялар Меккеде тұратын қазақ қызын алдап, бірнеше млн теңге қарызға батырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен – Мекке қаласында тұратын қазақ қызымын. Мұнда отель брондау саласында жұмыс істеймін. Осыдан үш жыл бұрын Умра бағытындағы жұмысымды бастағанымда осы салада жүрген компаниялардың бәріне сенетін едім. Оларға қонақүй брондауды алдын ала төлемсіз жасайтын едім. Немесе топтарға кіріп қойып, ақшасы болмай жатса, қажыларды аяп, қонақүйден шығармай, қарызды өз мойныма ала беретін едім. Осылайша маусым соңында бір қарасам, мойнымда 5-6 млн теңгедей қарыз ілініп тұр екен», – дейді Алма есімді қазақ қызы.
Ол өз сөзінде қазір Умра компанияларына деген көзқарасы өзгергенін тілге тиек етті.
«Олар намаз оқиды, Умра саласында жұмыс істеп жатыр, алдамайды деген ой болатын. Бірақ Ислам діні мінсіз болғанмен, адам мінсіз емес. Осыдан кейін Умра компанияларына көзқарасым өзгерді», – дейді ол.
Алманың айтуынша, Меккеде 10 жылдан бері өмір сүреді. Өз сөзінде Қазақстандағы тур компаниялардың жауапсыздығы жайлы қозғап, басынан өткен жағдайды жеткізді.
«Маған Қазақстандағы аса танымал емес бір компания хабарласты. Меккеге келетін топтың ұшатын уақыты жақындап қалған. Турпакет құны тым төмен есептелген. Ал қонақүй әлі табылмаған. Жағдай өте қиын еді. Сол арада өз шарттарымды айттым. Қонақүй табуға көмектесемін, бірақ бағасын турпакетке қоспаймын, сол себепті бөлек келісетінімізді меңзедім. Қолайлы баға мен сапалы қонақүй табу үшін бір жарым күн бойы ондаған адамға хабарласып, ақырында 13 бөлмені әрең таптым. Өз қызметімнің құнын айтқанымда «Тым қымбат сұрайсыз. Басқалар секілді неге 5 риал (1 риал – 117 теңге) алмайсыз?» дейді. Мен түсіністік танытып, комиссияны барынша төмендеткен едім. Шамамен 50 адамнан тұратын бүкіл топ үшін 126 мың теңге ғана сұрадым. Бірақ компанияның иесі осы соманы да төлеген жоқ. Хабарламаларыма жауап бермей қойды. Алғыс та, түсініктеме де жоқ. Өзгенің еңбегіне деген қарапайым құрмет те жоқ. Өзгелерден адалдықты талап еткенде, өзіңіз адалсыз ба?» – деп шамданды Алма.
Айта кетейік, осыған дейін кіші қажылығын өтеуге ниеттенген 70-ке тарта адам турфирманың жауапсыздығынан қажылыққа ұша алмай қалғаны хабарланған.