«Аспаннан түскен ақша»: Оңай олжаға қызыққан астаналық әйел жауапқа тартылуы мүмкін
Ол шығынды өтегенімен, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Солтүстік Қазақстан облысында 39 жастағы әйел интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, 1,38 млн теңге несие рәсімдеп, белгісіз шотқа аударған. Ақша аударымы күмән тудырып, «Антифрод-орталық» жүйесі іске қосылған. Кейін қаражатты алған Астана тұрғыны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
12 қарашада өңірлік полицияның мәліметінше, Есіл ауданының тұрғынына бейнеқоңырау арқылы белгісіз адам хабарласқан. Ол өзін қаржы полициясының қызметкері ретінде таныстырып, әлдекімдер әйелдің атына ірі көлемде несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтқан.
Алаяқ әйелді ақшасын қорғау үшін «айна-қатесіз несие» рәсімдеп, оны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
«Әйел бұған дейін алаяқтардың түрлі айласы туралы естігенімен, қоңырау шалушының өзін таныстырғандағы кейпі мен көрсеткен жалған қызметтік куәлігіне сенген. Ол қылмыскердің барлық талабын орындап, 1 миллион 380 мың теңге несие рәсімдеп, ақшаны көрсетілген шотқа аударған», – деп жазылған облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Дегенмен ақша аударымы күмәнді операция ретінде тіркеліп, «Антифрод-орталық» жүйесі Есіл аудандық полиция бөліміне автоматты түрде ақпарат жіберген.
Полиция қызметкерлері мәліметтерді тексеріп, зардап шеккен әйелді анықтаған. Құқық қорғау органдарымен сөйлескеннен кейін ол алаяқтардың арбауына түскенін түсінген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер ақша түскен шоттың иесін анықтады. Ол Астана қаласының тұрғыны болып шықты. Әйел келтірілген шығынды өз еркімен толық өтеген.
Алайда оған қатысты мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Қызды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі тергеу барысында дропперлік белгілер анықталғаннан кейін шешіледі.