Емхана жұмысы мен ауылдың табысы – «Әділет» үміткерлері Жолдаудағы міндеттерді талқылады

Екі кездесуде де үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын жергілікті еңбек ұжымдары күнделікті бетпе-бет келетін мәселелермен байланыстыра таныстырды

Емхана жұмысы мен ауылдың табысы – «Әділет» үміткерлері Жолдаудағы міндеттерді талқылады
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Ақмола облысында сайлауалды үгіт-насихат науқаны қарқын алып келеді. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен жүздесіп, өз бағдарламаларын таныстырып, Президент Жолдауындағы міндеттердің өңірге қалай қатысты екенін түсіндіріп жүр. Бір күнде «Әділет» партиясының үміткерлері Қосшыда медицина қызметкерлерімен, ал Целиноград ауданының Ақмол ауылында аграрлық сала өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қосшыдағы «Viamedis Kosshy» емханасының ұжымымен партиялық тізім бойынша ұсынылған Болат Әбдірахманов, Василий Шиманский және Анар Аяпбергенова жүздесті. Әңгіме емхананың күнделікті жұмысына тікелей қатысты мәселелерден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды, бұл шара 77 мыңнан астам адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Көкшетаудағы «ШАНС» оңалту орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігіне тоқталып, Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан аурухананы мысалға келтірді.

«Көкшетаудың Сарыарқа шағын ауданында 630 төсектік көпбейінді облыстық аурухана салынып жатыр. Кешенде онкология және перинаталдық блоктар, 19 операция залы бар хирургия блогы және бір ауысымда 500 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталық болады. Мемлекет басшысының Жолдауда медициналық көмектің сапасына көңіл бөлгені қуантады. Өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Дегенмен өңірде медициналық көмектің сапасын арттыру үшін алда атқарар жұмыс көп. Сайлау жақындап келеді. Бұл - бәріміз үшін маңызды сәт. Сайлауға келіп, өзіңіз сенім артқан үміткерге дауыс беріңіз», – деді «Әділет» партиясынан Ақмола облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Василий Шиманский.

Қосшыда Жолдаудың емхана жұмысына қатысты міндеттері сөз болса, Ақмол ауылында әңгіме шаруашылықтардың алдағы бірнеше жылға қалай жоспар құратынына ойысты. «Әділет» партиясының үміткері Бекім Әкімов «Акмола-Феникс» АҚ ұжымына сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Аграрлық сала өкілдерімен өңірде ет кластерін құру, өнімді өңдеу, сақтау және өткізу мәселелерін талқылады. Әкімов осы міндеттерді іске асыру үшін шаруашылықтарға ұзақ мерзімді қаржы қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жолдауында Ақмола облысында ет кластерін құру жобасын атап өтті. Президенттің Үкіметке жүктеген өзге міндеттері де өңір диқандары үшін маңызды. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі бір триллион теңгеден бір жарым триллион теңгеге дейін өсті. Алайда қаражаттың басым бөлігі қысқа мерзімге беріледі және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалады. Шаруашылықтар алдағы бірнеше жылға жоспар құра алуы үшін ұзақ мерзімді қаржы қажет. Өнім өңдеуді дамыту, оны сақтау мен өткізу жүйесін жетілдіру де маңызды. Агрологистика орталықтарының қызметі ірі кәсіпорындарға да, шағын шаруашылықтарға да қолжетімді болуы керек», – деді «Әділет» партиясынан Ақмола облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Бекім Әкімов.

Екі кездесуде де үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын жергілікті еңбек ұжымдары күнделікті бетпе-бет келетін мәселелермен байланыстыра таныстырды. Қосшыда әңгіме учаскелік мамандардың еңбегі мен тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасына арналса, Ақмолда шаруашылықтардың қаржыға, өңдеу қуатына және өткізу нарығына қол жеткізуі талқыланды. Кездесу соңында Бекім Әкімов қатысушыларды алдағы сайлауға қатысуға шақырды. «Әділет» партиясының облыстағы үгіт-насихат науқаны жалғасады.

Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді