Ұлытау облысында үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр
Мәслихат депутаттығына кандидаттар бірнеше ұжыммен кездесті
«Әділет» партиясынан Ұлытау облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттар Ақжол Құрмансейіт, Абылай Жәнібеков, Әлдібек Тәуекелов және Нұргүл Талғатбекова Жезқазған қаласындағы М. Әуезов атындағы кітапхана мен теміржол вокзалының ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, алдағы бес жылда өңірді дамытудың басым бағыттары туралы баяндады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген міндеттерге тоқталды.
Атап айтқанда, экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Кандидаттар сайлауалды бағдарламада жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық берілгенін атап өтті.
«Сапалы жол – өңір дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Ол тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, медициналық көмек пен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырады. Сонымен қатар жол инфрақұрылымының жақсаруы экономика мен сауданың дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін ескере отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды», – деді Әлдібек Тәуекелов.
Сайлауалды бағдарлама аясында теміржол үстінен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу, «Алғабас – Шұбаркөл» бағытындағы 20 шақырым жолды төсеу, аэровокзал ғимаратын жаңғырту және жаңа терминал құрылысын бастау, сондай-ақ аудандық маңызы бар 50 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде 2031 жылға қарай жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, партия бағдарламасында тұрғын үй, білім беру, спорт және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, цифрландыру және жастарды жұмыспен қамту бағыттары қамтылған.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында 10 инвестициялық жобаны іске асыруға жәрдемдесу, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 210 жеңілдетілген несие беруге қолдау көрсету көзделген.
Денсаулық сақтау саласында 10 медициналық нысан салу, Сәтбаев қаласындағы аурухананы қайта жаңғырту, жыл сайын кемінде 10 медицина қызметкерін жұмысқа орналастыру және халықты сапалы медициналық қызметпен қамту деңгейін 94,5 пайызға дейін жеткізу міндеттері белгіленген.
Кездесулер соңында ұжым мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Кандидаттар тұрғындар көтерген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, партия бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысатынын жеткізді.
Айта кетейік, Ұлытау облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы аясында бүгінге дейін 657 үгіт-насихат іс-шарасы өткізіліп, 27 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Құрмансейіт А.А.
Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімін ұсынған «Әділет» партиясы»ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.