Студент қызды зорлаған: Қарағандыда бес жасөспірім ұзақ жылға сотталып кетті

Сотта бозбалалардың қылмысы толығымен дәлелденді

Студент қызды зорлаған: Қарағандыда бес жасөспірім ұзақ жылға сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Қарағандыда колледжде оқитын студент қызды зорлаған бес жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта адам шошырлық оқиғаның 2025 жылдың 14 ақпанында болғаны анықталды. Сол күні кешке студент қыз құрбысымен бірге «Инфинити» түнгі караоке-клубына күзетшіні алдап кіріп кеткен. Ол жерде үш сағаттан аса уақыт ішімдік ішкен.

Оқиға қалай болды?

Қатты мас болып қалғандықтан үйлеріне қайтудан қорыққан олар танысының ұсынысымен пәтерге барған. Пәтерде оларды бес жасөспірім күтіп отырыпты. Қылмыстың бәрі міне осы жерде болған. Бозбалалардың бірі қыз балаға есін жиғызбас үшін химиялық заттың буын иіскеткен. Иісіне уланып, дәрменсіз күйде жатқанын бес бала пайдаланып, арам ойларын іске асырған.

Сотта осының бәрі қыз баланың, куәлардың сөзімен, сараптама қорытындысымен және басқа да заттармен дәлелдеген.

Прокурор мен соттың үкімі

Прокурор олардың әрқайсысын 7 жыл 6 ай мерзімге соттауды және 2 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұрады.

Өз кезегінде бес жасөспірім 2025 жылғы 23 маусымдағы ҚР «Рақымшылық жасау туралы» заңын қолданып, жазасын қысқартуды және әрқайсысына 5 жыл 7 ай 15 күн жаза беруді өтінген.

Бұдан бөлек, зорлық көрген қызы баланың тарапы 100 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді сұраған.

Сотта кәмелетке толмағандарға 7 жыл 6 айдан артық бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайтыны айтылды. Осыған байланысты сот үкімімен бес жасөспірімнің әрқайсысы 7 жыл 6 ай мерзімге сотталып, екі жылға ұстаздық жұмыспен айналыса алмайды. Ал қыз балаға моральдық өтемақы ретінде 10 млн теңге өндіру туралы шешім қабылдады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Осыған дейін аталған түнгі клубтың иесі Александр Ким қыз балалардың мекемеге қалай кіріп кеткені туралы түсініктеме берген.

«Олар қолдан жасалған құжаттар көрсеткен. Қазір телефонда арнайы қосымша бар, сол арқылы жеке куәлік көрсеткендей болуға болады, тіпті туған күнді де өзгертуге мүмкіндік бар. Біз ол кезде мұндай қосымшалар жайлы білмеген едік. Қыздарды сол құжат бойынша күзет кіргізген», — дейді ол.

Айта кетейік, жуырда Алматыда массаж салонының қызметкері клиентін зорламақ болғаны хабарланған.