Қарағандыда бір топ бозбала 16 жастағы қыз баланы зорлаған: оқиғаға қатысты тың мәліметтер жарияланды
Тергеу сегіз айдан бері жалғасып келеді

Қарағандыда 16 жастағы колледж студентінің зорлануына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Қыздың ата-анасы қоғамнан қолдау сұрап, әділдікке қол жеткізгісі келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 16 жастағы қыз баланы бірнеше жасөспірім топтасып зорлаған. Күдіктілер – шамамен кәмелетке толмаған бес жасөспірім.
«Мен вахталық әдіспен жұмыс істеймін, сол күні жұмыста едім. Әйелім кіші баламызбен ауылға, менің ата-анама кеткен. Үйде үш үлкен балам қалған. Сол күні кешке әйелім қызымызбен видеоқоңырау арқылы сөйлескен. Қызым бәрі жақсы екенін айтып, ұйықтауға дайындалып жатқанын жеткізген. Алайда кейін белгілі болғандай, ол құрбысымен бірге түнгі клубқа кеткен екен», — дейді қыздың әкесі.
Қызы оқитын колледждегі құрбысы оны 14 ақпан күні клубқа шақырған. Бақылау камералары қыздарды кешкі сағат 22:00-де «Инфинити» түнгі клубының кіреберісінде түсіріп алған.
Клуб иесінің түсініктемесі
Клубтың иесі Александр Кимнің айтуынша, қыздар күзетке жалған жеке куәліктер көрсеткен.
«Олар қолдан жасалған құжаттар көрсеткен. Қазір телефонда арнайы қосымша бар, сол арқылы жеке куәлік көрсеткендей болуға болады, тіпті туған күнді де өзгертуге мүмкіндік бар. Біз ол кезде мұндай қосымшалар жайлы білмеген едік. Қыздарды сол құжат бойынша күзет кіргізген», — дейді ол.
Александр Кимнің айтуынша, сол кезде клуб кіреберісінде полиция қызметкері де тұрған және ол да қыздарды байқап, ішке жіберген.
«Қыздарға ішімдік сатылған жоқ, себебі олар 21 жасқа толмаған. Бірақ өзге біреулер сатып әперуі мүмкін, нақты білмеймін. Барлық видеоматериалды полицияға бердік», — дейді клуб иесі.
Зорлыққа ұшыраған қыздың соңғы есінде қалғаны – коктейль
Қыздың соңғы есінде қалғаны – клубта ішкен бір ғана коктейль. Одан кейінгі оқиғаларды есіне түсіре алмайды. Әкесінің сөзінше, қызы бастапқыда құрбысының шақыруымен студенттік кешке бара жатқан, бірақ кейін белгісіз пәтерге жеткізілген.
«Құрбысы біздің қайда тұратынымызды білетін, қонақта да болған. Бірақ ол мас күйде болған қызымызды бөтен пәтерге апарған. Қызым тек құрбысы оны есін жиғызуға тырысып, ұзақ уақыт суық су құйылған ваннада ұстағанын ғана есіне алады. Қашуға тырысқанда, «таблетка ішсең ғана шығарамыз» деп қорқытқан. Құрбысы ол таблетканы «мастықты басатын дәрі» деп түсіндірген. Кейін қызымызға «ешкімге айтпа» деп ескерткен, өйткені пәтерде болған жігіттердің бірі «байланыстары күшті» деп қорқытқан. Сонымен қатар, оларда қыздың жалаңаш күйіндегі видеосы болыпты», — дейді қыздың әкесі.
Жағдайды жасыру әрекеті мен денсаулық жағдайы
Оқиғадан бірнеше күн өткен соң қыз бала ауруханаға түскен. Алдымен улану күдігімен жедел жәрдем апарған, кейін тамағы ауырып, ангина басталған. Бұл, әкесінің айтуынша, суық суда ұзақ болуынан пайда болған.
Оқиға күтпеген жағдайда анықталған: қыз ауруханада жатқан кезде үйіне туыстары келген. Олардан қыздың видеосы бар екені туралы сыбыстар естіген.
«Біз тек баламыздың қандай күйде болғанын ойладық. Ол бізге ештеңе айта алмаған. Ауруханадан шығарып алып, бірден полицияға бардық. Төрт күдіктіні бірден анықтады, бесіншісін кейін ұстады. Үшеуін қамауға алғанымен, арада алты ай өткен соң, олар кәмелетке толмағандықтан босатылды. Құрбысы қазір тек куәгер ретінде қарастырылып отыр», — дейді әкесі.
Тергеу барысы және күдіктілердің жағдайы
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс 2024 жылғы ақпанда қозғалған. Үш күдікті қамауға алынған, өзгелерге қатысты тергеу жалғасуда.
«Кешенді сараптамалар тағайындалды. Нәтижелері бойынша іс сотқа жолданады. Тергеу облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында. Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», — деді ведомстводан.
Қыз баланың жағдайы
Қазіргі таңда қыз жеке психолог пен психотерапевтің көмегіне жүгініп жүр. Колледждегі оқуын тастамай, жалғастырып жатыр. Ата-анасы әділ тергеу мен қатысы бар барлық адамның жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
«Біз әділдікке жетпей қоймаймыз. Қызымыздың өмірі енді ғана басталып еді, осындай сұмдық жағдайға тап болды», — дейді әкесі.