Ақтауда мектеп директорының әйелі тазалықшының шелегін теуіп жіберген: оның ісі сотқа жетті (ВИДЕО)
Директордың әйелі мектепте қосымша факультативтік сабақтар беріп жұмыс істейтіні анықталды
Ақтауда мектеп директорының әйелі тазалықшының су толы шелегін теуіп жіберген. Оның бұл ісі сотта қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиға биыл қазан айының ортасында Ақтау қаласының 31Б шағын ауданында орналасқан Tulpar School жекеменшік мектебінде болған. Сотта оның шелекті әдейі тепкені, тазалықшыны қорлағаны айтылды. Директордың әйелі ашу үстінде осындай қадамға барғанын айтқанмен, ешкімді қорламағанын айтып ақталды. Дегенмен оның кінәсі полицияның хаттамасымен, тазалықшының арызымен және бейнежазбамен дәлелденді.
Әйелдің бұл ісі сотта ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды. Ал ол бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (86 500 теңге) салу, не 20 сағаттан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-15 тәулікке дейінгі аралықта әкімшілік қамауға алу көзделген.
Осы тұста сот директордың әйелі өз кінәсін мойындағанын, кішкентай балаларының бар екенін ескеріп, 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ақтаудағы жекеменшік мектепте болған оқиға қоғамда резонанс тудырып, осыған байланысты облыстық Білім басқармасы арнайы комиссия құрған. Сол сияқты директордың әйелі мектепте қосымша факультативтік сабақтар беріп жұмыс істейтіні, оған педагогикалық әдеп нормаларын сақтамағаны үшін тәртіптік жаза ретінде «сөгіс» жарияланып, жұмысынан қуылғаны белгілі болды.