Павлодар облысында Қытайдың 20 азаматы ұсталды

Шетелдіктер қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген

Павлодар облысында Қытайдың 20 азаматы ұсталды
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысының Железин аудандық соты тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген Қытай Халық Республикасының 20 азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдіктерді полиция қызметкерлері 2026 жылдың қазан айында Железин ауданына қарасты Үрлітөбе ауылының аумағында анықтаған.

Тексеру барысында олардың төлқұжаттарында С3 санатындағы жұмыс визалары болғаны белгілі болды. Алайда құжаттарда еңбек қызметін жүзеге асыратын орын ретінде Алматы қаласы көрсетілген. Сондықтан олардың Павлодар облысында жұмыс істеуіне рұқсат болмаған.

Сот отырысында құқықбұзушылардың барлығы кінәсін толық мойындап, полиция хаттамаларында көрсетілген деректерге дау айтпаған.

Сот Қытай азаматтарын кінәлі деп танып, әрқайсысына бір тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Сот қаулылары заңды күшіне енген.