«Екі сағат бойы сабап, сүйреген»: Шымкентте балабақша қызметкері баланы аяусыз ұрған (ВИДЕО)
Зорлық-зомбылық әрекеті бейнебақылау камерасына түскен

Шымкенттегі «Ай көркем» жекеменшік балабақшасының қызметкері сәбиді сабап тастаған. Ол 3 жасқа толмаған баланың бетінен 2 сағат бойы ұрған, қорлап, еденге жатқызып сүйреген. Қазіргі күні күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еуразия арнасының хабарлауынша, балабақша қызметкерінің бүкіл әрекеті камераға жазылып қалған. Анасы алып кетуге барғанда ұлы таяқ жегенін айтып, шағымданған. Ал, тәрбиешісі жәй құлап қалды деп жылы жауып қойғысы келген. Бұған иланбай, бейнебақылау камерасының таспасын тексерген анасының төбе шашы тік тұрыпты. Ал, қатыгез қызметкер бүлдіршіннің бетіне арнайы май жағып, соққының ізін жасырмақшы болыпты. Бұлтартпас дәлелден соң
меңгеруші бүкіл жағдайды мойындаған.
«Балабақшаның ішкі бұйрығына сәйкес ол жұмыстан шықты. Ереже мен тәртіпті бұзатын мұндай қызметкерлерге біздің ұжымда орын жоқ», - деді «Ай көркем» балабақшасының меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова.
Қазір Шымкент қаласы полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске салсақ, жуырда Ақтаудағы балалабақшада да осындай жағдай болды. Тәрбиеші баланың басынан ұрып, шымшып, ұрып-соғып, жалаңаш әжетханаға апарып, қараңғы жерде 20 минутқа қалдырған. Осыдан кейін бүлдіршіннің мінез-құлқы өзгеріп кеткен.