Теміртауда үш бала жүріп бара жатқан көлікке жармасқан: полиция ата-ананы жазалады
Бейнежазбадағы балалардың жасы шамамен 10-11-де болып шықты

Теміртау қаласында 10-11 жастағы мектеп оқушылары жүріп бара жатқан жүк көлігінің артына жармасып алып, өмірлеріне қауіп төндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олардың бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралған соң, полиция видеоны зерделеп, балалардың кім екенін тапқан.
«10-11 жастағы мектеп оқушылары»
Polisia.kz ақпаратына сүйенсек, жедел іздестіру барысында 10-11 жастағы үш бала табылған.
«Полиция балалар мен олардың ата-аналарын анықтап, бөлімшеге апарды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған іс бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды», - деп хабарлайды полиция.
Балалар арнайы есепке алынады
Бұл шаралардан бөлек, полиция бұл жасөспірімдерді мектеп ішіндегі арнайы есепке алған.
«Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының жүріс-тұрысын бақылау керегін еске салды. Мұндай немқұрайлық қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін», - деп хабарлайды полиция.