Жаңаөзендегі мейрамхана маңына полицейлер неге жиналды: мекеме мән-жайды түсіндірді
Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция жасағы келушілердің өзара сөзге келіп, жанжалдасып қалғанын анықтады
Жаңаөзен қаласындағы мейрамханалардың бірінің маңына бірнеше қызметтік көліктің жиналуы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Полицейлер көліктердің мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарына мейрамхана маңында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция жасағы келушілердің өзара сөзге келіп, жанжалдасып қалғанын анықтады. Тәртіп сақшыларының уақтылы араласуының арқасында қақтығыстың үлкен төбелеске ұласуына жол берілмеді.
Жанжалға қатысқан алты адамның барлығы Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Оларға қатысты ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті қатаң сақтап, кез келген даулы мәселені бейбіт түрде шешуге шақырады.
