Астанада балағат сөздер айтқан такси жүргізушісі бес тәулікке қамауға алынды (ВИДЕО)
Жедел тексеру нәтижесінде құқық бұзушының Ақтөбе облысының 35 жастағы тумасы Кенбай Серікбаев екені анықталды
Астана қаласындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалының автотұрағында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тәртіп сақшылары қоғамдық орында жанжал шығарған жүргізушінің видеосын анықтаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода такси жүргізушісінің жолаушының жеке заттарын көліктің жүксалғышына өзі салмағанына наразылық білдіргені көрінеді. Жүргізуші оқиғаны телефонына түсіріп отырып, қоғамдық орында әдепсіз сөздер айтып, балағаттаған.
Жедел тексеру нәтижесінде құқық бұзушының Ақтөбе облысының 35 жастағы тумасы Кенбай Серікбаев екені анықталды.
Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырды.
