Аутизмге шалдыққан баланы ұрып, тамақ бермей қинаған – Қызылордада балабақша тәрбиешісі жұмысынан қуылды
Тәрбиеші мұрны қанаған балаға көмек те көрсетпеген

Қызылордада балабақша тәрбиешісі аутизмге шалдыққан ұлды ұрып-соғып, тамақ бермей қинаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды.
Балабақша бөлмесіндегі камераға жазылған видеода тәрбиешілердің түс кезінде еденде демалып жатқаны көрінеді. Сол сәтте кереуеттегі 5 жасар Әлихан Аманбай мазасызданып қозғала бастайды. Қызметкер бүлдіршінді көтеріп алып, жерге тастап жіберген.
Әлиханның анасы Ұлболсын Мүслімнің айтуынша, соққыдан баланың мұрнынан қан сауылдап аққан.
«Бейнежазбадан тәрбиешінің баламды жерге лақтырып, тағы да ұрып, артынан ештеңе болмағандай ұйықтап қалғанын көрдім. Баланың мұрны қанап жатыр, оны шалқасынан жатқызып тастаған», - дейді ол.
Осы оқиғадан соң басқа да ата-аналар да балаларының денесі көгеріп, бет-ауызы жараланып келетінін айтып шағымданды.
«Баламның білегі, тізесі, жамбасы мен арқасы көгеріп келеді, бірақ тәрбиешілер баланың өзі құлады деп жауап береді. Мына жағдайдан кейін олардың сөзіне сенбейміз. Мүмкін өздері ұрған шығар. Оның үстіне біз бір ғана видеоны көріп отырмыз. Тіпті дұрыс тамақ бермегендіктен балаларымыз үйге аш болып қайтады»,- дейді тағы бір ана Динара Қалиева.
Ата-аналар балаларына тамақтың тым аз берілетінін камерадан көрген. Бейнежазбаның бірінде 8 бүлдіршінге 3 тәрелке тамақ қойылып, тәрбиешілердің телефонға телміріп отырғаны көрінеді.
Жас ұрпақ коррекциялық орталығының меңгерушісі Раушан Пірімжанова тәрбиешінің балаға қол көтергенін растады, алайда бүлдіршіндерге тамақ уақытымен, тиісті мөлшерде беріледі дейді.
«Осындай жағдай бірінші рет болып жатыр. Біз қалай көрдік, солай органдарға бүкіл жазбаны бердік. Ал тамаққа келсек, ата-аналар подноспен тамақты тасып жатқан кезін көрген, толық көрсетейін дегенімде қала бойынша жарық өшіп қалды», - дейді ол.
Қазір балаға қол көтерген тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан қуылған. Полиция кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамау бабымен іс қозғаған.